Қызылорда облысының Шиелі кенті қала мәртебесін алатын болды
АСТАНА. 19 наурыз. Қызылорда облысындағы Шиелі кенті жақын арада қала атанып қалуы мүмкін. Бұл туралы baq.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бүгін Ұлттық экономика министрлігінде Қазақстанда қалаға айналуы мүмкін ауылдардың тізімі ұсынылды»,– делінген хабарламада.
Сол ұсынылған елді мекендер қатарында Қызылорда облысындағы Шиелі кенті де аталды.
Шиелі кенті – 1904 жылы «Орынбор – Ташкент» темір жолы пайдалануға берілуіне байланысты ірге көтерген елді мекен. Бастапқыда ол «Скоблев станциясы» деп аталған. Кейін 30-шы жылдары Шиелі атанған. 1938 жылы Шиелі ауданы құрылуына орай оған 1939 жылы кент статусы берілген. Кейін «қала типтес поселке» (пгт) мәртебесіне ие болды.
2023 жылғы есеп бойынша, Шиелі кентінде қазір 36 889 адам тұрады.
Тағы бір жайт еске түседі, Шиелі ауданына 1997 жылы әкім болып келген Жарылқасын Тұрабаев кентті өз бетінше «қалаға айналдырып», елді мекеннің кіреберісіне «Шиелі қаласы» деген көрсеткіш тақта орнаттырып қойып еді. Алайда жоғарыдан берілген пәрменмен кейінірек «қала» атауын алып тастауына тура келді. Міне, бүгінде марқұм болып кеткен бұрынғы әкімнің сол аяулы арманы енді орындалғалы жатыр.
Айтқандай, шиеліліктер 2022 жылдың тамыз айында кенттегі бір көшеге Жарылқасын Тұрабаевтың есімін берді. Не дегенде де, ол кезінде жергілікті қарапайым халықтың көңілінен шыққан басшылардың бірі болды.
Тағы айтарымыз, министрліктің жоғарыда аталған тізіміне Қызылорда облысынан сондай-ақ Жаңақорған және Әйтеке би (бұрынғы – Жаңақазалы) кенттері де енгізілген.
Таяу уақытта ресми түрде қалаға айналуы ықтимал елді мекендердің құрамында сол сияқты Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы мына ауылдар бар:
Қарғалы ауылы (Алматы облысы);
Өтеген батыр ауылы (Алматы облысы);
Боралдай ауылы (Алматы облысы);
Ұзынағаш ауылы (Алматы облысы);
Сарыкемер ауылы (Жамбыл облысы);
Қордай ауылы (Жамбыл облысы);
Қызылтөбе ауылы (Маңғыстау облысы);
Атамекен ауылы (Маңғыстау облысы);
Маңғыстау ауылы (Маңғыстау облысы);
Басқұдық ауылы (Маңғыстау облысы);
Рахат ауылы (Маңғыстау облысы);
Бейнеу ауылы (Маңғыстау облысы);
Манкент ауылы (Түркістан облысы);
Ақсукент ауылы (Түркістан облысы);
Қарабұлақ ауылы (Түркістан облысы).
Сонымен қатар Абай облысындағы Шар, Қызылорда облысындағы Қазалы қалалары Үкіметтің арнайы қаулысымен қала статусынан айрылып, ауыл атанатын болып отыр.