Тоқаевтың бес жылдығы несімен есте қалды?
Бүгін Тоқаевтың билікке келгеніне – тура 5 жыл. Бес жылда атқарылған ауқымды шара деп мемлекетке қайтарылған активтер мен ақшаларды айтуға болады. Бұрын бюджеттің ақшасын чемоданмен әуежайдан оңай әкете берсе, қазір портмонедегі ақшаңды алып шығудың өзі мұң.
Соңғы екі жылда елге 1 триллион теңге активтер қайтарылыпты. Қайрат Сатыбалдының өзінен 732 миллиард теңге қайтқан. Сұмдық, ә. Он бес адамды қысып жіберсе он триллиондай ақша бюджетке қайтады екен.
Мемлекетке қайтқан нысандар мен суммаларды көрсеңіз төбе шашыңыз тік тұрып, 30 жыл бойы тегін жұмыс істеп келіппіз ғой дейсіз. Отбасының өкілдерін шетінен қыспаққа алса, әлі талай трлн-даған ақшаның сұрауы сұралайын деп тұр.
Жылдар бойы мемлекеттің меншігін әкесінен қалған байлықтай көріп, «май шелпектің» үстінде отырғандарға тосқауыл қоятын уақыт келді. Араны ашылғандар мемлекеттің меншігіндегі жер телімдерінен бастап банк үлестері, ірі өндіріс кешендері, стратегиялық нысандардағы ғимараттарды жаппай өз атына иемденіп алған. Сататынын сатқан. 30 жылда шекара асқан мемлекеттің заңсыз активі қаншама. Ендігі міндет – заңсыз шыққан қаражатты соңғы тиынына дейін елге қайтару.
Мысалы, соңғы 2 жылда елге жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылған. Бүгінде заңсыз иемденген 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі белгілі болды. Соның ішінде шетелде 131 объект анықталған. Бұған қоса, жалпы құны 448 млрд теңге құнды қағаздар бойынша мәлімет алынған. 220 трлн теңге болатын банк операциялары, оның ішінде 1,4 трлн теңгені құрайтын күмәнді операциялар тексеріліп жатыр.
Экономиканы демонополизациялау бойынша республикалық меншікке ірі 14 акционерлік қоғам, ЖШС акция пакеттері мен қатысу үлестері қайтарылды. Оның ішінде 7 ғимарат, 162 теміржол мен теміржол нысаны, автомобильдер, ақшалай қаражат пен басқа да мүліктер еніп отыр.
«Әділетті Қазақстанды» осындай халыққа әділетсіздік жасап кеткендерді ұстаудан бастаса, қазіргі билікке деген сенім артатыны сөзсіз. Әрине, сең қозғалды. Ендігі мәселе осы іс Үкіметтің күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бектеновке карт-бланш берілді. Қалай пайдаланады екен?
Оңғар ҚАБДЕН,
журналист