Украинаның ондаған дроны тәулікте Ресейдің төрт өңіріне шабуыл жасады
МӘСКЕУ. 9 наурыз. Өткен тәулікте Украина Қарулы күштерінің 50-ге жуық ұшқышсыз ұшақтары басқыншы елдің төрт өңіріне бірдей атой салды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ қорғаныс министрлігі хабарлағандай, бір мезгілде Белгород, Курск, Ростов және Волгоград облыстары территориясы аспанында пайда болды. Соның ішінде Ростов облысындағы Таганрог қаласы дрондардың жаппай шабуылына ұшырады. Mash атап өткендей, жергілікті тұрғындар Таганрогта орналасқан авиақұрылыс зауыты – Бериев атындағы авиация-ғылыми кешені территориясында оннан аса жарылыс болғанын естіген. Кеңес заманында бұл жерде амфибия-ұшақтар жасалған.
Ростов облысының губернаторы Василий Голубев әуе қорғанысы күштерінің Таганрог пен Морозовск іргесінде ұшқышсыз ұшақтарды атып түсіргенін айтты.
Shot мәліметі бойынша, Курск облысында дрондар тау-кен байыту комбинатына шүйліксе, Белгородта қаладан 20 шақырым жердегі мұнай өңдеу зауытын нысанаға алған.