Армения Ресейден біржола қол үзіп, Еуропа одағына кірудің жолдарын іздейді
ЕРЕВАН. 9 наурыз. Армения сыртқы істер министрі өз елінің Еуропа одағының құрамында болуды жоспарластырып жатқанын мәлімеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ереван Еуропа одағына қосылудың мүмкіндіктерін талқылап жатыр», – деді ведомство басшысы Арарат Мирзоян.
Оның мәлімдеуінше, Хайастан халқында Еуропаға ұмтылушылық ниет бар. «Мен бұрын айтқанымдай, біз бұл процестен өтеміз, біз оның қалай аяқталатынын да көріп отырмыз», – деді министр түріктің TRT World телеарнасына берген сұхбатында.
Мирзоянның айтуынша, Армения соңғы бірнеше жыл бойы өзіне түскен шақыруларды еске ала отырып, әріптестері мен одақтастары санын арттыратын болады. Ал халық дамудың демократиялық жолын таңдады.
«Біз ЕО-мен және АҚШ-пен қарым-қатынасымызды тереңдете түсеміз, сонымен бірге бұрыннан бар дәстүрлі байланыстарымызды сақтап қалып, жаңа әріптестер іздейміз, дәлірегін, Шығысқа көз саламыз. Мысалы, Үндістанмен қарым-қатынас орнатамыз», – деп атап өтті армян министрі.
Бұдан алдын республика парламентінің спикері Ален Симонян Армения билігінің Еуропа интеграциясына бағыт ұстауға дайын және Еуропа одағымен қарым-қатынаста одан әрі нығайтуға ниетті екенін, келешекте осы бірлестік мүшелігінің кандидаты болудың жолын осы бастан қарастыратынын мәлімдеген болатын.
Еуропа парламентінің депутаты Андрюс Кубилюс өз кезегінде Еуропа одағын Арменияны мүшелікке кандидат мәртебесін беруге дейін жақындатуға бағытталған стратегия ұстануға шақырған еді.
Осылайша посткеңестік елдер арасында Ресейге мүдде жағынан да, рух жағынан да, дін жағынан да ең жақын ел саналып келген Кремльдің еркетотайы – Хайастан өзінің «қожайынынан» аулақ кетудің бар шаралары мен жолдарын қарастыруға ашық бет бұрды.