Сайрагүл Сауытбай АҚШ сыйлығының лауреаты атанды
СТОКГОЛЬМ. 4 наурыз. Қытайдан шыққан қазақ әйелі Сайрагүл Сауытбай халықаралық «International Women of Courage Award (IWOC)» сыйлығының лауреаты болды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Шығыс Түркістан жерінде туып-өскен Сайрагүл Сауытбай кейінгі жылдары Қазақстанға келіп, тарихи отанының азаматы болуды арман етті. Сол мақсатта ол алдымен күйеуі мен балаларын қазақ жеріне шығарып салды. Бірақ өзінің келуіне Қытай билігі көп кедергі келтірді. Сондықтан оған шекарадан заңсыз өтуге тура келді.
Сайрагүл Қазақстанға келгеннен кейін босқын мәртебесін алуға күш салды. Әйткенмен, Қытайдың қабағын баққан жергілікті билік мұны жасай алмады. Сол үшін қамалып, бірнеше рет сот процесіне де қатысты.
Ақырында Қазақстан азаматтығын ала алмайтынын білгесін, сырттан пана іздеді. Сол кезде оған қамқор қолын созған Швеция үкіметі болды. Сөйтіп, 2018 жылдың жазында отбасымен Скандинавияға қарай жол тартты. Барғаннан кейін оның отбасы мүшелеріне Стокгольм билігі босқын статусын да, баспана да берді.
АҚШ билігі енді қазақ әйелінің батылдығы мен қайсарлығын айрықша бағалап отыр.
«Сауытбай алғашқылардың бірі болып Қытай Коммунистік партиясының Шыңжаңның байырғы этникалық топтарына қарсы жүргізген репрессиялық саясаты туралы ашық айтты», делінеді АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарламасында.
Аталмыш сыйлық осы жолы тағы 11 елдің өкілдеріне тапсырылды.
«Women of Courage Award (IWOC)» халықаралық сыйлығы 2007 жылы тағайындалған. АҚШ Мемлекеттік департаменті оны жыл сайын көшбасшылық, батылдық және тапқырлық танытқан әйелдерге табыс етеді.