Алматы облысында тұратын полиция майоры 9 қыз тәрбиелеп отыр
АЛМАТЫ. 7 наурыз. Алматы облысының Балқаш ауданында 9 қыз тәрбиелеп отырған полиция қызметкері тұрады. Бұл туралы «Халық үні» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Порталдың хабарлауынша, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы болып қызмет ететін полиция майоры Азамат Абдрахмановтың үлкен қызы биыл 9-сыныпта оқып жүрсе, ең кішісі 4 айлық көрінеді. Жұбайы Жазира Малғаждарова екеуі қазір оныншы перзентін күтіп жүр екен.
Азамат Абдрахманов 2008 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеп келеді. Оның үйленгеніне биыл 17 жыл толыпты. Сол аралықта отбасында Ақнұр, Гүлнұр, Кәусар, Жасмин, Айару, Томирис, Адина, Медина, Даяна есімді қыздар пайда болған.
Отағасы 8 наурызда жылдағы дәстүр бойынша бұлардың бәріне жеке-жеке сыйлық әзірлейді.
«10 сыйлық алу оңай ма?! 10 сыйлық алып береді бәрімізге, ешкімді бөлмейді. Қыздарының бәрін бірдей жақсы көреді. Бәріне бірдей мейірімділікпен қарайды», – дейді Жазира.
Тоғыз қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған полиция майоры өзін отбасында бақыттымын деп есептейді.
«Әрине, бақыттымын. 9 қыздың әкесі болу – бақыт. Енді алға қойған мақсатымыз бар, ұл болса екен деймін, ұрпақ керек. Қыз деген негізі, көбі айтушы еді, көзіміз жетіп отыр, жақсы екен. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен Қазақстан халқы әйелдерінің бәрін құттықтаймыз!», – дейді ол журналистер қойған сұраққа жауап беріп тұрып.
Азамат Асқарұлы Алматыда біраз жыл тәжірибе жинап, 2014 жылы өзінің туып-өскен ауылы – Бақанасқа қайта оралған. Аудан халқы оны жақсы таниды. Майор шеніндегі полиция қызметкерін әріптестері де мақтан тұтады.
«Жеке қасиеті бойынша айтатын болсақ, жұмысына тиянақты. Үйінде үлгілі әке. 9 қыздың әкесі бола тұра, жұмыс өміріне белсенді қатысып, қылмысты жеке ізімен анықтау барысына әрдайым атсалысып отырады», – дейді Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы Айдар Омаров.