Уәлихан Бишімбаев: Біреулер бізді монстр етіп көрсеткілері келеді…
Әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді делініп айыпталып отырған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қоғамды бей-жай қалдырмай отыр. Сондықтан оның төңірегінде әртүрлі алып-қашты әңгіме көп. Соның ішінде «Бишімбаевты ақтау науқаны жүріп жатыр» деген де сөз тарап кетті. Осыған орай NEGE порталының тілшісі айыпталушы Қуандықтың әкесі Уәлихан Бишімбаевқа бірнеше сұрақ қойып, жұртшылықты толғандырып жүрген мәселенің мән-жайын анықтауға әрекет жасады.
Біз сол сұхбатты көшіріп жариялап отырмыз.
– Уәлихан Қозыкеұлы, дәл қазір қоғамда «Бишімбаевты ақтау науқаны жүріп жатыр» деген пікірді жиі естиміз. Яғни, «Гүлжан Ерғалиеваға Қуандық Бишімбаевтың адвокаттарымен жүргізген сұхбаты үшін 10 млн теңге, оған қосымша 5 млн сот процесін жазуға берілген», сондай-ақ Е.Ертісбаевқа 100 млн, блогер Гүлбану Әбеноваға 10 пост үшін 15 млн теңге төленген» деген әңгіме желдей есіп жүр. Тіпті кейбіреулер «Бишімбаевтар бұл науқанға 1 млн доллар жұмсаған» дейді. Бұған не айтасыз? Бұл ақпараттық науқанға қатысыңыз бар ма?
– Мұндай ақпараттарды оқып, естіп отырмын. Бұл – ақылға сыймайтын нәрсе, бұл – жала жабу. Г.Ерғалиеваға да, басқа адамдарға да ешқандай қатысым жоқ. Мұның бәрі әдейі қоғамдық сананы манипуляция жасау үшін жасалуда. «Бізде бәрі сатылады, бәрі сатып алады» деген образ жасау керек болған сияқты. Біз өмір-бақи ондайдан аулақ жүрген адамбыз. Ана жаққа, мына жаққа шабатын адам емеспіз. Ондай мүмкіндігіміз де жоқ. Екеуміз де зейнеттеміз. Өзім желтоқсанда жасаған мәлімдемемде «Ешқайда барып жатқан жоқпыз. Бармаймыз да. Бәрі заңды болуы керек» деп ашығын айттым.
– Демек, мұның бәрі жалған ақпарат демексіз бе?
– Кім не айтса да, өз еркі. Оның бәрі жалған әңгіме. Олардың маған, менің оларға қатысым жоқ. Айтып отырған кейбір адамдарыңды танымаймын да. Екіншіден, бұл миға кірмейтін фейк ақпарат. Тіпті, осыны айтып жүргендерді сотқа беруге болады. Кім дұрыс айтады, кім бұрыс айтады, оны Алла біліп отыр. Қайтсе де, бізге күйе жағушылардың шығарып алғаны. Мәселен, қазір сіз де менен сұхбат алып отырсыз ғой, сыртыңыздан «Бишімбаев ақша төледі» десе, қалай қарайсыз? Осы секілді кез келген осыған мүдделі адам әлеуметтік желіде жаза салады, айта салады. Мұның бәрі – провокация.
– Сонда Гүлжан Ерғалиева Қуандық Бишімбаевтың адвокаттарын сұхбатқа өзі шақырып, марқұм Салтанат Нүкенованы «субдуралды гематомадан қайтыс болды» дегізген бе?
– Бұл енді адвокаттардың жұмысы. Ұсыныс түссе, кімге сұхбат береді, өздері біледі. Олар да өз жұмысын істейді ғой. Ана жақ та әлеуметтік желіде әртүрлі ақпаратты, тіпті жоқ нәрсені айтып жатыр. Заң бәріне бірдей. Олардың адвокаты да, біздің де адвокаттар жұмыс істеп жатыр.
– Нүкеновтер отбасы да, қорғаушысы да Қ.Бишімбаевтың авдокаттары берген сұхбаттан кейін шығып, айтқан жоқ па?
– Жоқ, олай емес. Олар қарашада-желтоқсаннан бері әртүрлі нәрсені еркін айтып келеді. Содан кейін өзім мәлімдеме жасадым, ал адвокаттар бірінші рет шықты.
– Прокуратура да Бишімбаевты қорғап жазған журналистер мен блогерлерге қатысты: «Сот талқылауы барысында бұл фактілердің барлығына баға беріледі», деген еді.
– Оған комментарий бере алмаймын.
– Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан осы істе «Бишімбаевтың әкесі, академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлаймын. Ол мемлекет қаржысын тонаушы ұрыны тәрбиелеп, өсірді. Мұны сот дәлелдеп отыр», – деген еді. Не дейсіз?
– Ондай адамды танымаймын. Не себепті олай айтады? 1968 жылдан бері ғылым, білім саласында ғалыммын. 1973 жылы кандидаттық диссертацияны, одан кейін докторлық дәрежені де Мәскеуде қорғадым. Кеңестік кезде бәрі қатаң болды. Қызылордада жұмыс істегенде ректорлық лауазымға да Кеңес Одағы кезінде тағайындалдым. Бәрі еңбекпен келген.
Ал ректорлықты айтса, анау айтқандай дәрежелі қызмет емес. Аймақтағы оқу орнының ректоры ешқайда ықпал жасай алмайды. Қазір ректорлық қызметтен кеткеніме 13 жылға аяқ басты. Айтса, айта берсін. Не істеймін енді?
Балам – жас бала емес. 40-тан асқан азамат. Әрине, бәрімізге қиын, қатты соққы болды. Сыртымыздан әртүрлі нәрсе айтып жатыр. Әлі күнге дейін ес жия алмай жүрміз. Ең бірінші – келінімізден айырылдық. Біз де қайғырып отырмыз. Келініміз өмірден өтті, баламыз мынандай жағдайға тап болды. Жағдайымыз мәз емес. Қазір денсаулығым жоқ. Жасым болса, 78-ге келді. Біреудің көмегінсіз үйден шықпаймын.
Бәрін заң жүзінде қарайтын құқық қорғау органдары бар ғой. Алдымызда сот болады. Не айтам, айналайын? Ешкім оны ақтайын деп отырған жоқ. Заң аясында қаралып жатыр.
– Ал депутат Ринат Зайытовтың: «Бишімбаев – халықты оңай алдай білетін Ескі Қазақстанның өкілі, ескі жүйе адамы. Ақпараттық соғыста Нүкеновтер ұтылып жатыр», дегеніне не айтасыз?
– Зайытов та жете танитын адамым емес. Бірақ көп сөйлейтін, әр салаға кірісетін депутат екен. Керек болса, Зайытовтың домбыра тартатынан басқа ештеңесін білмеймін. Айтса, өзінің ой-пікірі. Біреудің аузына қақпақ бола аламыз ба? Өкінішке қарай, қазір не болса, соны айта беретін заман болды. Бұрын мұндайға қатаң қарайтын, әркім өз сөзіне жауап беретін.
– Сонда бұл ақпараттық науқанға қатысымыз жоқ дейсіз бе?
– Ешқандай қатысымыз жоқ. Екі жаққа да заң ортақ. Бәрі заң шеңберінде әділетті қаралуы керек. Біржақты қарауға болмайды. Біздің адвокаттар алғаш рет сұхбат берсе, онда тұрған не бар? Олар өздерінің жұмысын істеп жатыр. Әр адам пікірін білдіруге болады, ал неге адвокатқа материалға сүйеніп пікір айтуға болмайды?
Бірақ біздің тараптың қорғаушылары тергеу материалдарын ашқан да жоқ. Өйткені, ашуға болмайды делінген заң бар. Ал ана жақ тергеу материалдарына сілтеме жасап айтып жатыр. Ол дұрыс емес қой.
Мен көп нәрсені көрген адаммын. Кейде көп дүниеге таң қаламын. Әрине, келініміз өмірден өткеніне қайғырып, көңіл айтып, Құран бағыштап отырмыз. Біз де ұлттық дәстүрге сүйеніп, бір Аллаға сенетін адамбыз. Ал сырттан біздің отбасы туралы не айтпай жатыр? Біздің біреулерді сатып алатындай мүмкіндігіміз жоқ. Бізді монстр жасағысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Қарапайым халықты осылай адастырмақ. Ал халық мұндайға сенбейді деп ойлаймын.
Әңгімелескен Динара Мыңжасар
6 наурыз, 2024