Елді аяусыз тонаған Назарбаев атында көше болмауға тиіс – Орал тұрғыны
ОРАЛ. 1 наурыз. Батыс Қазақстан облысы орталығының тұрғыны жалғыз шеруге шығып, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына төл атын қайтаруды талап етті. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оралдық Бекболат Өтебаев есімді азамат өзінің жалғыз адамдық пикетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылған орталық көшенің атын өзгертіп, бұрынғы атауына оралуы керектігін айтты. Ал көшенің бұрынғы атауы Тәуелсіздік екен.
Зейнет жасындағы кісі алаңға мойнына «Я хочу жить. I want to live» деген жазуы бар плакатты іліп алып шықты.
Миллиондаған отандастары секілді, оның да Нұсұлтан Назарбаевқа өкпесі қара қазандай көрінеді. Ол орталық көшеге жемқор, ұры, елді тонаушы бұрынғы диктатор президент емес, тәуелсіздік деген ұғымның әбден лайықты екенін мәлімдеді. Қазақстанды отыз жыл бойы қалың әулетімен, құда-жекжатымен, дос-жарандарымен, қарақшылар тобымен, шетелдік алаяқтармен бірге жабылып тонаудың бастаушы көсемі болған адам құрметке емес, қудалауға лайық.
«Бұрынғы атауын қайтарсын. Назарбаев атын қалаға жолатпасын, себебі, Назарбаев Қазақстан халқына жақсылық жасаған жоқ. Елді тонаумен, ұрлаумен, өз отбасын байытумен айналысты. Алаңға «Тәуелсіздік» атын қайтарсын, бізге Назарбаевтан гөрі тәуелсіздік қымбат», – деді Өтебаев.
Зейнеткер әкімдікке 28 және 29 ақпанда саяси-әлеуметтік тақырыпта жалғыз адамдық пикет өткізу жөнінде алдын ала ескерту хабарлама жіберген. Алайда екеуі де кері қайтарылған.
Ал алаңға бәрібір шыққан оралдық азаматқа мемлекеттік қызметкерлер ескерту жасап, акцияны тоқтатуды талап еткен. Сонымен бірге олар «заңсыз акция үшін» әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Алайда Өтебаев оларға көне қоймады.
Негізі, Бекболат Өтебаев әлеуметтік және саяси өзгерістерді талап ететін акцияларға жиі шығып тұрады екен. Мұнда ол халықтың күнкөріс жағдайының нашарлап кеткенін әрі жемқорлық өршігенін үнемі айтып жүретінге ұқсайды.