Қазақстанда енді молдалардың оңды-солды уағыз айтуларына жол берілмейді
АСТАНА. 1 наурыз. Қазақстанда бұдан былай құран ұстап, таспих тарататынның бәрі бірдей уағыз айтып, жұрт алдына шыға бермейтін болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ендігі жерде басына тақия киіп алған кез келген дүмше молда жұрт арасы мен әлеуметтік желіде аузына келгенін аталап, «жұмақ пен тозақтың арасында сайран салып» жүре алмайды, діни қисса-аңыздар мен хадистерді өз пайдасына қарай бұрмалап айтуды тоқтатады.
Мәселені Қазақстан Діни басқармасы тығаттап өз қолына алды. Басқарма осы кезден бастап дүмше молдаларды анықтап, өз орындарына қояды, уағыз айту құзыретін тек сүзгіден өткен, ақыл-ойы түзік адекватты өкілдерге ғана береді.
Астанада өткен уағызшылардың бірінші форумында бас мүфти Наурызбай Өтепов жамағатқа адал мен арамның ара жігін ажыратып, жалпақ жұртқа уағыз айтатын молдалардың тұғырнамасын таныстырды. Мұндағы басты мақсат елді ашық аспан астында адастырып, өздері ойдан шығарып алған қараңғы қағидаттарға бас қоюға шақырып жүрген діни қызметкерлердің, уағызшылардың жолын кесу болмақ.
Осыны айтқан бас мүфти өзінің сөзінде қазақ дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне лаң салып жүргендердің бар екеніне тоқталды.
Біздің бұдан бұрын жариялаған сұхбатымызда Наурызбай Тағанұлы: «Адамның сана-сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс, бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр» деп мәлімдеген еді.
Ол жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болатынын әңгімеледі.
«Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Бірақ олар ешқашан өз ілімдеріне күманданбайды, тіпті белсенді түрде жүрген жерінің бәрінде насихаттап жүреді. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді», – деген-ді сонда діни басшы.
Сондай сақалды салафиттер қазір әлеуметтік желіде қазақтың қасиетті домбырасының өзі «харам» деп аталайды. Сауатсыздықтары сондай, өздері табынып жүрген арабтарда музыкалық аспаптардың қаншама түрі бар екенін де білмейді. Міне, осындай найсаптарға дүре соғып, қамшымен қудалайтын уақыт келді.
Қазіргі күндері Діни басқарма теріс уағыз бен уәжіп айтып жүргендерді тыйылымға шақырып жатыр, олардың арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
«Аллаға шүкір, біздің елден, біздің топырақтан әлемге әйгілі үлкен дін ғалымдары шыққан. Осы ата-бабамыздың еңбегінің арқасында қазіргі дәстүрлі ислам мен ұлт құндылықтары сабақтасып кеткен. Сондықтан ата-баба жолынан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді сақтап қалу мақсат», – деп түсіндірді бас мүфти.