Украина әскерлері РФ генералын күтіп тұрған саптың талқанын шығарды
МӘСКЕУ. 21 ақпан. Украина Қарулы күштері өз генералдарын күтіп сапта тұрған ресейлік әскерилерді ракетамен атқылап, олардың біразын жер құштырды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Украина Қарулы күштерінің кассетті оқ-дәрілермен соққы беруі нәтижесінде Донецк облысының Волновах ауданында 60-тан аса ресейлік әскери қаза тапты», – деп баяндады басқыншылардың Z әскери тілшілері.
«Трудовоедегі полигондардың бірінде 06705 әскери бөлім жауынгерлерін сапқа тұрғызу ұйымдастырылып, дөкей басшыны күтіп тұрған кездерінде жау кассеталы оқ-дәрілермен соққы берді, қорытындысында 65 адам қаза тапты», – деп жазды «Тринадцатый» телеграм-арнасы. Оның ақпарынша, әскерилер 29-шы армияның командирі, генерал-майор Олег Моисеевтің келетініне орай сапқа тұрғызылған.
Өз кезегінде «Военный осведомитель» телеграм-арнасы осыншалықты шығынның болғанын растап, қаза тапқандар арасында 39-шы гвардиялық мотоатқыштар бригадасы үш ротасының сарбаздары бар екенін атап өтеді.
Оның мәліметінше, Украина Қарулы күштері америкалық GMLRS ракеталарын пайдаланған. «Военный осведомитель» мұндай жағдайдың өткен жылдың тамызында да орын алғанын атап өтеді. Сол жолы украин әскерилері Ресей солдаттарын HIMARS ракета қондырғыларынан атқылаған, алайда көп шығын келтіре қоймаған.
Генерал-майор Олег Моисеев осы оқиғадан кейін аталмыш елді мекенге келмей қалған.
Осының алдында, 20 ақпан күні РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу өз президентіне Донецк қаласы түбіндегі Авдеевка елді мекенінің алынғанын баяндаған болатын. Ол мұның аз шығынмен орындалғанын да жеткізді. Шойгу сондай-ақ баянаты кезінде қаланы басып алу операциясының қорғаныс министрлігінің оқулығына кіретінін айтып сендірді.
Алайда Украина Қарулы күштері соның алдында ғана аталмыш қала үшін шайқаста РФ әскерлерінің күн сайын орта есеппен қаза тапқан бір украин жауынгері орнына 7 солдатын құрбандыққа шалып тұрғанын хабарлаған болатын.
Украина Қарулы күштерінің қаланы қорғаған «Таврия» тобының қолбасшысы Олександр Тарнавский өз кезегінде Ресей армиясының Авдеевкаға шабуылы барысында 47 мыңнан астам әскери қызметкерінен, 364 танкісінен, 5 ұшағынан, 248 артиллериялық жүйесі мен 748 бронды транспортерінен айрылғанын мәлімдеді. Украин жауынгерлері Қарулы күштердің жаңа бас қолбасшысы Сырьскийдің шешімімен елді мекенді соңғы сәтте тастап шықты.
Авдеевка қаласы үшін шайқас өткен жылдың қазан айынан бері жүріп жатты. Бұл Бахмуттан кейін қатты қиян-кескі ұрыс қимылдары жүрген екінші елді мекен болды.