Бишімбаевтың баяны: Тергеу толық аяқталды, енді іс сотқа жіберіледі
АСТАНА. 31 қаңтар. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеу толық аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Massaget.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Министр қылмыстық іс бірнеше томнан тұратынын айтты.
«Қазір іспен танысып жатырмыз. Кейін сотқа жібереміз. Жәбірленуші мен айыпталушы тараптар да іспен танысуда. Бірнеше томнан тұратын (қылмыстық істі) қарайды. Тергеу толық аяқталды. Біз іспен танысып болған соң оны прокуратураға жібереміз. Прокуратура арқылы (істі) сот қабылдайды», – деді Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысынан шыққаннан кейін.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы асықпай, ұзақ уақыт, қатты қинап, аса қатыгездікпен өлтіргені үшін айыпталып отыр. Оған «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» (ҚК-ның 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы) және «Қинау» (110-баптың 2-бөлігі) баптары бойынша айып тағылды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылғы 9 қараша күні Астанадағы «Бау» ресторанында орын алды. Осында әйелімен бірге келіп, бір тәулікке жуық уақыт демалған экс-министр жан төзгісіз қылмыстық іс жасады. Ол жұбайын үздіксіз ұрып, соққыға жығуы арқылы оның өліміне себеп болған. Таңертең ессіз жатқан әйелге тек кешке қарай ғана «жедел жәрдем» шақырған. Бұл кезде марқұмның әлдеқашан бақилық болып кеткені айғақталады. Содан кейін күдікті тек 11 қараша күні ғана қамауға алынды.
Кейін мәселеге қаныққан Президент тиісті органдарға айыпталушы Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алып, қадағалауды тапсырды.