Тбилиси соты Саакашвилиді 9 жылға бас бостандығынан айырды

ТБИЛИСИ. 12 наурыз. Сакартвелоның экс-президенті Михеил Саакашвили бюджет қаражатын қолды етті деген айыппен 9 жылға сотталды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Грузияның бұрынғы президенті бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда. Михеил Саакашвили бірнеше рет тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды сандырақ деп атады», – делінген хабарламада.
12 наурыз, сәрсенбі күні Тбилиси қалалық соты Сакартвелоның бұрынғы президенті Михеил Саакашвилиді 9 миллион лари (шамамен 3 млн еуро) көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұрынғы президентке 2014 жылы АҚШ-та болған кезде айып тағылған еді. Тергеу мәліметтері бойынша, 2009-2013 жылдар аралығында Саакашвилидің тапсырмасы бойынша оның жеке мақсаттарына бюджеттен 9 млн лариге жуық қаражат жұмсалған. Шығындар мемлекеттік қауіпсіздік қоры арқылы жүргізілді. Прокуратураның мәліметінше, бұл сомаға Саакашвилидің қонақүйлер мен демалыс орындарында демалу, сұлулық клиникаларына бару және киім-кешек сатып алу шығындарын төлеу кіреді. Тізімге Лондонда 28 000 еуроға сатып алынған жеті күрте мен кашемирден жасалған спорттық пальто, сондай-ақ құны 4 200 доллар тұратын қолдан тігілген екі кәстөм бар. Саакашвилидің өзі тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды «абсурд» деп атады. Оның пайымдауынша, картвель елінің қазіргі билігі бұл істі оның жемқорлыққа қарсы күрескер ретіндегі беделіне нұқсан келтіру үшін ашқан.
Саакашвили бұған дейін 2005 жылы Сакартвелоның бұрынғы депутаты Валери Гелашвилиді ұрып-соққаны үшін 6 жылға сотталған. Жаңа үкім оның бас бостандығынан айыру мерзімін 3 жылға ұзартты. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап бас бостандығынан айыру мерзімі жазаға есептеледі. Бұрынғы президентке де 3 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот Саакашвилидің мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Жанашияны да кінәлі деп тауып, 300 мың лари (шамамен 100 мың еуро) көлемінде айыппұл салды.