Қызылордада полицейді қағып кеткен мас жүргізуші қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қаңтар. Қызылордада полиция қызметкеріне автокөлікпен дене жарақатын келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған мас жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағыну және орындау – барлық азаматтар үшін міндетті. Алайда заңға бағынбай, билік өкілдеріне қарсылық көрсететін азаматтар бар.
23 қаңтар күні сағат таңғы 05:30 шамасында Қызылорда қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлері Қорқыт ата көшесінің бойында Volkswagen Touareg автокөлік жүргізушісін жол белгілері талаптарын сақтамағаны үшін тоқтатпақ болған.
Бірақ полиция талабына бағынбаған ол қалаға іргелес «Қарауылтөбе» ауылына қарай қашып, егістікк алқабына бой тасалаған. Тосқауыл жасауға көмекке келген полиция нарядының қызметкері Volkswagen Touareg автокөлігінің алдынан жаяу шығып тоқтатқан уақытта жүргізуші тағы да заңды талабына бағынбай, полиция қызметкерін қағып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Дер кезінде «Тосқауыл» арнайы жоспары енгізіліп, кезекші тәулікте 32 жастағы күдікті ұсталды, оның орта дәрежелі масаң екендігі анықталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.
Қазіргі таңда билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.