Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Жер сілкінісінен соң Алматы облысында 19 нысанға сызат түскені анықталды

АСТАНА. 24 қаңтар. Төтенше жағдай министрлігі 23 қаңтар күнгі жер сілкінісінен кейін Алматы облысында 19 нысанға сызат түскенін баяндады. Бұл туралы «Азаттық радиосы» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Алматы облысының аумағында тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды көзбен шолып тексеру нәтижелері бойынша 19 нысаннан сызат табылды», – деп жазылған министрліктің 23 қаңтар күнгі кешкі хабарламасында.

Жерасты дүмпуінен кейін жедел штабта ұйымдастырылған шұғыл желіге азаматтардан 800-ден астам қоңырау келіп түскен.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ жатақханаларына сызат түскенін айтқан еді.

23 қаңтар күні түнде Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шықты. Жекелеген аудандарда, куәгерлердің сөзінше, көлік кептелісі болған. Ақпаратқа қарағанда, кейбір тұрғындар көп қабатты тұрғын үйлерінен басқа жаққа кетіп қалуға ұмтылған.

Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті хабарлағандай, жер сілкінісін сейсмикалық станция желісі 23 қаңтар сағат 00:09-да тіркеген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орын алған.

Сейсенбі күні Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.

АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі – Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан, Шыңжаң провинциясының Айкөл қаласынан 129 шақырым жерде орналасқан. Магнитудасы – 7 балл.

Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Алматы мен Шымкенттен бөлек, жер сілкінісі Астана қаласында, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарына да сезілген.

Жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары зілзала туралы ескерту хабарлама болмағанына шағымданған. Ал Төтенше жағдай департаменті мамандары «халықты дүрліктіргісі келмегендіктен» дабыл қоспағанын айтты.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button