Экс-президент жиенінің 1,1 млрд теңгеге алған құралы жер сілкінісін көрсетпеді
АЛМАТЫ. 24 қаңтар. Кезінде 1,1 млрд теңгеге жер сілкінісі болатынын анықтап тұратын жабдық сатып алған компания Алматыда зілзала орын алғанда бұған алдын ала дабыл қаға алмады. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Алматылықтарды жер сілкінісінің болатынын хабардар етіп тұруға жауапты, осы қызметі үшін 1,1 млрд теңге қаржы алып қойған компания бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев», – деп мәлімдеді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Аталмыш «TNS-INTEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылары – Қуанышбек Жұманов басқаратын «Darmen Holding» ЖШС және Темірлан Есенғазиев басқаратын «Greatex Capital Holding B.V» компаниясы. Бірінші аталған серіктестіктің табысты болғаны сондай, ол тек үш жылдың ішінде ғана 5,5 млрд теңгеден артық мемлекеттік тапсырыс алған. Аталмыш Жұманов кезінде Нұрәлі Әлиев негізін қалаған «Жаңарту»жеке қайырымдылық қорының да директоры болып табылады. Ал Есенғазиев бұған дейін Әлиевтің «Донателло» отельдер жүйесін алты жыл басқарған. Мұның бәрін Смағұлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып отыр.
Ол мұны бұдан бір жарым жыл бұрын orda.kz сайтының жазғанын да атап өтті.
«Бірақ біз Ескі Қазақстанның «Жаңартуы» нендей нәрсеге алып келгенін көріп отырмыз. Мен бұларды тексеру керектігі жөніндегі үндеуімді «антикорғай жазып жібердім, енді оның нәтижесі жайлы сосын жазамын», – дегенді қосты бұған Смағұлов.
Бұған дейін Алматыда 2023 жылы 1,1 млрд теңгеге күшті жер сілкісі жөнінде дабыл қағып тұратын автоматты жүйенің сатып алынғаны белгілі болған еді. Бірақ ол оңтүстік мегаполис аумағында жерасты дүмпуі сезілгенде, жұмыс істеген жоқ, тым-тырыс қалды.
Лот 2023 жылдың мамыр айында жарияланды. Ал аталмыш конкурста«TNS-INTEC» ЖШС жеңіске жетіп, 1,1 млрд теңге қаржыны ұтып алған.
Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні, түн жарымы енді ауа бергенде Алматы қаласында жер сілкінді. Оның дүмпуі 4 балл деп хабарланда. Бірақ кейінірек оның шын мәніндегі қуаты 5 балл болғаны айғақталды. Осы түні және күндіз Алматы маңында жалпы саны 6 рет жер сілкінісі тіркелді.