Британия армиясының қолбасшысы Ресеймен соғысқа дайындалуға шақырды
ЛОНДОН. 11 желтоқсан. Британия армиясының бас қолбасшысы, генерал Пэтрик Сэндерс сонау Гитлер заманын еске түсіріп, Путинмен соғыстың болмай қоймайтынын мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ұйымның мәліметі бойынша, НАТО елдерінің әскери бюджеті қырғи қабақ соғыс кезіндегі жалпы ішкі өнімнің 3 пайызынан 2014 жылы 1,3 пайызға дейін қысқарған. Путиннің Қырымды жаулап алуы қарыз дағдарысынан енді ғана шығып келе жатқан Еуропа елдерін қарулану саясатын қайта қарауға мәжбүрледі. Сондықтан, Еуропа парламентінің мәліметі бойынша, соңғы онжылдықта қорғаныс шығындары 20 пайызға өскен. Сол кезеңде Ресей мен Қытайда бұлар тиісінше 300 және 60 пайызға дейін шарықтап, самғап кеткен.
Ресейдің қаржы министрлігінің бюджеттік бағдарларына сәйкес, елдің әскери шығындары биылғы жылы ЖІӨ-нің 3,9 пайызынан келесі жылы 6 пайызға дейін өскелі тұр. Бірақ НАТО-ның 31 елінің тек 11-і ғана биылғы жылы альянс талап еткендей 2 пайыздық мөлшерді ұстап тұрған.
Британ армиясының бас қолбасшысы, генерал Пэтрик Сэндерс қазіргі уақыттың Ұлыбритания мен оның одақтастарының күш алып келе жатқан Гитлермен арада соғыстың болатын-болмайтынын талқылаған 1937 жылмен бірдей екенін айтты. Сол кезде одақтастардың бір нәрсе істеуге деген құлықсыздығы бір жылдан кейін фашистік Алманиямен (Германиямен) Мюнхен келісімін жасасуға алып барған еді.
Британия мен Франция бейбітшілікті сақтау саясатының нәтижесінде кейін Германияның Чехословакияны тас-талқан етіп, талан-таражға салуына жол ашты, мұның ақыры үлкен соғысты бір жылға жуық мерзімге ғана кейінге шегере тұруға мүмкіндік берді.
Осыған байланысты Сэндерс «The Wall Street Journal» газетіне берген сұхбатында Путиннің әрекеттерін сырттай бақылап отыра бермей, онымен соғысқа дайындалуды бастау қажет екенін айтады.
Алмания бундесверінің басшысы, генерал-майор Карстен Бройер де Ресеймен соғысуға осы бастан әзірлене беру керек екенін мәлімдеді. Ол алманның «Frankfurter Allgemeine Zeitung» басылымына берген сұхбатында «Біз өзімізге қорғаныс соғысын жүргізуге тура келетіні жайлы ойға бейімделе беруіміз қажет», – деді. Жұрттың бәрі үміт артып үйренген «Бейбітшілік патшалығы» енді милитаристік-агрессияшыл Ресей тұрғанда болмайды, деп ескертті сосын Бройер.
Ал АҚШ-тың демократ-сенаторы Кристофер Мерфи өткен аптада Украинаға қару-жарақ бөліну үшін алдымен елдегі миграциялық саясатты күшейту керектігін алға тартып тұрып алған конгресмен-республикашылар хақында айта келіп, мұның зардабы зор болатынына назар аударды. Егер Ресей әскерлерін Украинада тоқтатудың реті келмесе, ол көп ұзамай басқа жақтарға ауыз салады. «Владимир Путин НАТО елдеріне басып кірген кезде олар өздерінің кезінде Украинаға көмектесе алмағандары үшін қатты өкініп, қан жұтатын болады», – деді сенатор.
Өткен жексенбіде Мерфи бұған: «Қазір Украина дағдарысты шақты бастан кешуде. Оның қару-жарақтары таусылып келеді. Егер біз бұл мәселені жақын апталарда оңынан шешіп бере алмасақ, Владимир Путин украин қорғаныс шептерін бұзып өтіп, Киевке қарай жол тартуға мүмкіндік алады, мұның соңы бүкіл Еуропаға қатер төндіреді», – дегенді қосты.