Канада премьері: АҚШ дәуірінің соңы келді, оның орнын біз басамыз

ОТТАВА. 4 сәуір. Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ-тың әлем экономикасының лидері болудан қалғанын, оның орнын өзі елі алатынын айтты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Канада премьер-министрі елдің осы платформада Құрама Штаттарды алмастырып, жаһандық экономикалық көшбасшы рөлін алуға дайын екенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған сауда соғысы әлемде нағыз дүрбелең тудырды, нәтижесінде басқа елдер оған тегеурінді қарсылық көрсетіп, өз шараларын қабылдай бастады. Мысалы, Қытай АҚШ тауарларына баж салығын дәл сондай мөлшерде – 34 пайыз етіп белгіледі. «Осылайша, Канада үкіметінің басшысы Марк Карни Американың протекционистік саясатының күшеюі аясында АҚШ-қа балама іздеуші елдердің халықаралық коалициясын құру ниетін мәлімдеді», деп жазады The New York Times. «Егер Америка Құрама Штаттары бұл орыннан бас тартуға дайын болса, Канада жаһандық экономикалық көшбасшы рөлін алуға дайын», деді премьер-министр.
Карни Америка Құрама Штаттарының жаһандық экономикада шешуші рөл атқарған, еркін нарықтарды қолдаған және сенімге негізделген одақтар құрған 80 жылдық дәуірі аяқталып жатыр деп санайды.
«Бұл қапалы оқиға болғанымен, жаңа заман шындығы», – деді үкімет басшысы Трамптың тарифтік саясатына түсіндірме бере отырып.
Ал Financial Times газеті Еуропаның АҚШ баж салығын енгізгеннен кейін Қытай тауарларының тасқынын қабылдауға қызу дайындалып жатқанын жазады. Сарапшылар сонымен қатар Қытайдан келетін арзан тауарлардың, соның ішінде электроника мен өнеркәсіптік жабдықтардың ағыны Еуропада экономикалық тәуекелдерді арттыруы мүмкін екенін ескертеді.
Мәтбұғаттың хабарлауынша, Брюссель қазір нарықты қорғау шараларын, оның ішінде қосымша тарифтер енгізуді қарастырып жатыр. ЕО қазірдің өзінде қытайлық электр көліктеріне 35%-ға дейінгі тарифтер енгізіп қойды, бірақ Еуропа дипломаттарының бірі басқа секторларды қорғау үшін «бұдан да әрі тереңдете жүре беруге» тура келуі мүмкін дейді. Оның айтуынша, Еуропаның мұндай қадамға баруы Бейжіңмен қарым-қатынаста шиеленістің жаңа кезеңіне алып баруы мүмкін деп алаңдайды.
Ал планетаның ең бай адамдары қазір АҚШ президенті бастаған сауда соғысынан салдарынан келген шығындарды есептеп жатыр. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Америка лидерінің баж салығы салдарынан әлемдегі ең бай 500 адамның байлығы 208 миллиард долларға дейін азайған.
Тізімге қатысушылардың жартысынан көбі активтерінің орта есеппен 3,3%-ын жоғалтқан.
Meta бас директоры Марк Цукерберг ең көп зардап шекті, оның байлығы 17,9 миллиард долларға төмендеді, себебі компания акциялары 9%-ға төмендеген. Amazon акцияларының осыған ұқсас төмендеуі оның негізін қалаушы Джефф Безосқа 15,9 миллиард долларға шығын келтірді.
Tesla және SpaceX компанияларын басқаратын Илон Маск 11 миллиард долларын жоғалтты. Жалпы оның капиталы 2025 жылдың басынан бері 110 миллиард долларға азайды.