Бауыржан Байбекке де тықыр таянды ма? Әйелі судья қызметінен кетіпті
АСТАНА. 13 қазан. Көп жыл елімізде басқару органдарында жоғары лауазымды қызметтер атқарған Бауыржан Байбектің әйелі Жанар Байбек Астана қалалық сотының судьясы қызметінен босатылды. Бұл туралы «Адырна» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Агенттіктің баяндауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 6 қазанда «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқасының төрағасын және судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Жарлыққа қол қойған.
Құжаттағы қызметінен босатылғандар тізімінде 35 судьяның аты-жөндері аталған. Олардың арасында елордалық сотта судья болып жұмыс істеген Жанар Байбек те бар. Жарлықта оның өз өтініші бойынша қызметінен босатылғаны атап көрсетілген.
Айта кетейік, Жанар Байбек бұл қызметке 2018 жылы тағайындалған еді.
Бұл доғарыс соңғы жылдары бас сауғалап, шетелде қашып жүрген, «Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасының ұлы әрі туысы» деген статусы тағы бар Бауыржан Байбекке де тықыр таянғанын көрсете ме, жоқ әлде оның әйелінің өзіндік бір «жүрісі» ме, оны таяудағы уақыт көрсетеді.