Астанада сөйлеу мәдениетін жоғарылатуға арналған семинар болып өтті
АСТАНА. 2 қазан. Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы сөйлеу мәдениетін көтеру жөнінде кезекті семинар өткізді. Бұл туралы орталық баспасөз қызметі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жалпы, аталмыш орталық өңірлік тілдерді оқыту орталықтарына арналған «Көпшілік алдында сөз сөйлеуді меңгерту әдістері» және «Сөйлеу әрекетінің төрт дағдысын дамытудың тиімді әдістері» тақырыптарында республикалық онлайн-семинарларды үзбей өткізіп келеді. Биыл да бұл семинарлар табысты өткізіліп, жақында өз мәресіне жетті.
Ресми қарым-қатынаста көпшілік алдында сөз сөйлеу іскерлігін дамытқысы келетін тіл үйренушілерге арналған көсемсөз курстарын жүргізудің тиімді әдістерін және сөйлеу әрекетінің 4 дағдысы бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді оқытушыларға меңгерту мақсатында өткізілген бұл семинарға республика бойынша 200-ден артық адам қатысты.
Екі республикалық семинардың қорытындысы бойынша жинақ әзірленді. Бұл еңбектер жақында «Тіл әлемі» сайтының «Кітапхана» бөлімінде оқырман назарына ұсынылады. Топтамаға қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемесі мен көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениеті туралы теориялық тұжырымдамалар мен практикалық тапсырмалар жинақталған. Жинаққа енген материалдар мектепке дейінгі, орта, жоғары білім беру мекемелері, тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушыла үшін өте жақсы көмекші құрал болады деп күтілуде.