Армения Путинді қамауға алуға міндеттейтін Рүм статутын бекітті
ЕРЕВАН. 3 қазан. Армения парламенті Путинді қамауға алуға ордер берген Халықаралық соттың Рүм статутын ратификациялау жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
ВВС агенттігінің жазуынша, Ереван Мәскеу тарапынан мұны жасамау жөнінде табанды түрде талап қойылып келгеніне, тіпті қоқан-лоққы көрсетіліп тұрғанына қарамастан, өз бағытынан танбаған. Осының салдарынан РФ-ның қанқұйлы диктаторы Владимир Путин Хайастан (Армения) территориясына емін-еркін кіре алмайды. Олай бола қалса, хай құқық қорғау органдары Украинада жасап жатқан соғыс қылмыстары үшін бірден тұтқынға алып, Гаага жөнелтетін болады.
Еске сала кетейік, Нидерландтың Гаага қаласында орналасқан Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылғы 17 наурызда РФ басқыншы армиясы басып алған Украина жерінен украин балаларын заңсыз алып кеткендеріне байланысты Ресей президенті Владимир Путин мен оның балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы соттау үшін қамауға алуға ордер жазып берген еді.
Хайастан Рүм статутына 1999 жылы-ақ қол қойған болатын, бірақ оны қазір ғана ратификациялап отыр. Алайда Қарабақтағы оқиғадардың себебінен Мәскеу мен Ереван арасындағы шиелініс өзінің шарықтау шегіне жеткеннен кейін армян тарапы кенеттен аталмыш құжатты заңдастырып алуға ынталылық танытып шыға келді. Ратификация үшін билеуші «Азаматтық келісім» партиясының 58 депутаты түгел дауыс берді, ал оппозициядағы 25 депутат дауыс берген жоқ.
Армения үшін келесі қадам ҰҚШҰ одағынан шығу болуы мүмкін. Ереван тарапы бұл мәселе жайында да көптен бері сөз қозғап келе жатыр.
Ресей өзінің Кавказ таулары бойындағы соңғы вассалынан айырылып қалғалы тұр.