«Мосад» директоры: Иранның Ресейге ракета беруінің жолы кесілді
ТЕЛЬ-АВИВ. 11 қыркүйек. Израиль сыртқы барлау қызметінің директоры терроризммен күрес жөніндегі конференцияда Иранның Ресейге ракета сатуының алды алынғанын айтты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей мен Иран әскери саладағы әріптестіктерін арттырып жатыр: Тегерандағылар Мәскеуге ракета беруге дайын, ал аналар бұларға Израильдің өзіне қатер төндіретін қазіргі заманғы қару бермекші», – деді «Моссад» басшысы Давид Барнеа (суретте) аталмыш жиында.
Ол Иранның Украинада соғыс басталғалы бері Ресейге ұшқышсыз ұшақтар сатып келгенін, енді жақын және алыс қашыққа атылатын ракеталар беруге құмбыл болып отырғанын әңгімеледі. Айтуынша, бірақ ракета берушілікке тосқауыл қойылып үлгерілген. Дегенмен, ол оның қандай жолмен жасалғанына тоқтала қойған жоқ.