НАТО РФ-мен соғысқа әзірлік ретінде Балтық теңізіндегі жаттығуына кірісті
БРЮССЕЛЬ. 10 қыркүйек. НАТО Ресеймен соғыс бола қалған жағдайға дайындалу мақсатында Балтық теңізіндегі жаттығу жиынын бастап кетті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Солтүстік альянс елдері әскери-теңіз бөлімшелері Эстония мен Латвия жағалауында кең ауқымды жаттығуларына кезек берді. Маневрдің мақсаты Ресей тарапынан жасалуы ықтимал агрессия тұтана қалса, соған қарсы жасалатын әрекеттерді пысықтау болып табылады. ERR тілшісімен әңгімесінде Германия әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, вице-адмирал Ян Кристиан Каак осылай деді.
«Солтүстік жағалау» деген атау алған жаттығу екі апталық уақытқа созылады, оған НАТО-ның Балтық теңізі ауданында орналасқан барлық елдерінен 60-қа жуық корабль және 3 мыңнан аса әскери қызметкер қатысуы қарастырылуда. Бұлардан бөлек, жаттығу жиынына АҚШ, Канада, Нидерланд, Бельгия, Франция және альянс құрамына кірмейтін Швеция атсалысады.
Маневрлер барысында десанттық операциялар мен теңізден құрлыққа соққы беру әрекеті пысықталады. АҚШ жиынға 200 метрлік «Mesa Verde» кемесін аттандырды. Ол 800-ге жуық жаяу әскерлерді тасымалдау мен діттеген жерге түсіруге арналған.
Бұл оқу-жаттығу жиыны Германияның Ростоктағы жаңа әскери-теңіз штабы ұйымдастырған бірінші кең ауқымды шара болғалы тұр.