Украина Қарулы күштері түстікте Ресей қорғаныс шебін екі жерден бұзды
КИЕВ. 27 тамыз. Украина армиясы оңтүстіктегі майданда Ресей әскерлерінің қорғаныс шебін екі жерде қиратып шықты. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Қарулы күштері Работиноны жаудан босатқаннан кейін оңтүстікке қарай жылжуды жалғастыра түсті. Олар ресейлік оккупанттардың қорғаныс шебін екі жерден – Новопокровка мен Очеретуват маңында ауыр соққы бере отырып, бұзып өтті.
Қорғаныс күштерінің Таврия бағытындағы спикері Олександр Штупун украин әскерлерінің басқыншыларға күйрете зарп салып жатқанына тоқталды.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, украин сарбаздарының алдыңғы толқыны орыстардың негізгі қорғаныс шебі болып саналатын «Суровикин желісі» атты белдеудің өне бойына шабуыл жасап жатқан сияқты. Арғы жақта Токмак қаласы тұр. Оны алса, Азау теңізінің жағалауына жету жеңілдей түседі.
«Украина Қарулы күштеріне Работино елді мекенін алғаннан кейін РФ армиясының Вербовое ауданындағы қапталдарына кең жол ашылады», – дейді әскери сарапшылар.
Мұның үстіне, аралары 12 шақырымдық екі селоны қорғау орыстарға өте қиын болады. Себебі, оларға келетін қосымша күш барлық уақытта украин әскерлерінің бақылауында тұрады. Сол тұста басқыншылар бөлімшелерін атқылаудың астына алуға мүмкіндік көп.
27 тамыз күні жау басып алған Бердянскіде күшті өрт орын алды. Мұнда белгісіз бір себептермен Ресей әскерлерінің техникалары сақталған қойма өртенген.
Түнде украин дрон-камикадзелері үш рет Курскіге шабуыл жасаған. Олар РФ қарулы күштері аэродромдарына елеулі залал келтірген.