АҚШ Украинаны оңтүстікте жалпы армиялық операция өткізуге шақырды
УАШИНГТОН. 25 тамыз. Пентагон Украина Қарулы күштеріне оңтүстік майданда жалпы армиялық жаппай шабуылға шығуды ұсынып отыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қарсы шабуылдың басында орын алған шығындарынан кейін тактикасын өзгерткен украин әскерлерінің майдан даласында өте баяу ілгері жылжуы америкалық және украин әскерилері арасындағы пікірталастың арқауына айналды. Бұлардың біріншілері екіншілерін соңғы айларда батыс нұсқаушылары НАТО әскери базаларында арнайы оқытып, үйретіп шығарған украин жауынгерлерінен құралатын әртүрлі әскери тектердің бірлескен әрекетін қамтамасыз ететін жалпы командалық операциялар тактикасына қайта көшуге көндірмекші болып отыр.
Украина Қарулы күштері Ресей қорғаныс шебін бұзып-жарып өтіп, Азау теңізінің жағалауына дейін баруға мүмкіндік беретіндей техникалар мен оқ-дәрілерді алып үлгерді деп есептейді Киевпен бірлесіп жұмыс жасап жүрген америкалық әскерилер.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, келер жылы Украинаның тап осынша мөлшерде қару-жарақ алулары неғайбіл, сондықтан майдандағы бетбұрысты тап биыл қыс түскенше жасап үлгеру керек.
Ал Украина командирлері бұған қарсылық білдіруде. Бір АҚШ шенеунігі WSJ тілшісіне берген жауабында айтқандай, Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный америкадықтармен болған бір кездесуде олардың жанжалдың табиғатын түсінбейтіндерін айтқан көрінеді. «Бұл – заңсыз қарулы құрылымдармен шайқас емес, бұл – Курск», – депті ол. Мұның негізінде Екінші дүниедүзідік соғыс кезінде, 1943 жылы болған Курск иініндегі шайқастың нағыз бетбұрыс кезеңі болғанын меңзесе керек.
Залужный сондай-ақ Америка шенеуніктеріне өз әскери бөлімдерінің Ресей қорғаныс шебін бұзып шығатын күнінің тым қащықта емес екенін жеткізген. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан сейсенбі күні журналистерге Уашингтонның Украина армиясы қазір тұйыққа тіреліп отыр деп есептемейтінін мәлімдеді.
Украина әзірге жаяу әскерлердің біртіндеп украин территориясын қайтарып алып жатқан тактикасын ұстана тұруды, сөйтіп, келешектегі ұзаққа созылатын соғыс үшін құрамды көп шығынға ұшырата бермеу керек екенін алға тартып отыр. Ал америкалықтар жақсы дайындықтан өтіп келген украин бригадаларының майдан шебінде шашырай орналасқанын және шығыста шамадан тыс солдаттар жүргенін айтып, олардың бәрін оңтүстікке шоғырландыру керек екенін баяндады.
Жалпы, НАТО-ның 40 базасында 70 мыңнан астам украин әскери қызметкері дайындықтан өтті. Олар негізінен 14 мотоатқыштар және механикаландырылған батальондардың, сондай-ақ ұлттық гвардия батальонының қатысуысен өтетін жалпы армиялық операциялар үшін дайындалды.
Қазір тағы екі батальон дайындалып жатыр, олардың бірі 31 дана Abrams танкісін алып қайтып, күзде минаға қарсы және инженерлік техникалармен бірге соғысқа кіріседі.