Украинада өткен тәулікте 27 шайқас болды, ауыр ұрыс қимылдары жалғасты
КИЕВ. 24 шілде. Өткен тәулікте Украина әскерлері оңтүстіктегі Лиман, Бахмут, Авдеевка және Марьинка бағыттарында оккупанттармен 27 рет ұрыс қимылдарын өткізді. Бұл туралы «Украинская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей оккупанттары 17 қанатты және 2 баллистикалық ракеталармен Украина территориясына тәулік бойына соққы берді. Украина Қарулы күштері оның барысында 9 қанатты ракетаны нысанаға жеткізбей жойып жіберді. Жау бұдан бөлек, украин әскерлері позициялары мен елді мекендерге 26 мәрте авиациялық соққы жасап, 35 сапар дүркін отты реактивті жүйемен атқылады. Бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер бар, бірқатар тұрғын үйлерге зақым келді, діни ғимараттар мен азаматтық инфрақұрылымдар қирап қалды.
Украин әскерлері Бахмут бағытындағы Богдановка және Ивановка аудандарында және Авдеевка ауданында дұшпан шабуылдарына тойтарыс берді.
Өткен тәулікте орыс басқыншылары «Shahed» типті дрондармен де соққы жасады.
Бір айта кетерлігі, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинтон Украина Қарулы күштерінің 2022 жылғы 24 ақпаннан кейін басып алынған территорияларының 50 пайызын басқыншы жаудың тырнағынан босатып үлгергенін атап өтті. Reuters агенттігінің жзауына қарағанда, ол CNN телеарнасына берген сұхбатында осыны айтқан. Сонымен бірге, украин қарсы шабуылының неге іркіліспен жүріп жатқанына да тоқталған. «Мұны қарсы шабуылдың жаңа басталған ілкі тұсы деуіміз керек. Үлкен жетістіктерге әлі уақыт керек. Бұл соғыс келесі не екі аптада аяқтала салайын деп тұрған жоқ», – деді ол.
АҚШ мемлекеттік хатшысының ойынша, майдан даласындағы ұрыстар тағы бірнеше айға созылады.
Мұның алдында Блинкен Пентагонның Украинаға жыл соңына дейін F-16 истребительдерін беретініне сендірген болатын.