Нұрсұлтан шыңнан да айырылды, енді ол «Алматы шыңы» деп аталады
АЛМАТЫ. 19 шілде. Алматы маңындағы Іле Алатауы заңғарында тұрған «Нұрсұлтан шыңы» бұрынғы атауына оралып, қайтадан «Алматы шыңы» деп аталатын болды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Іле Алатауындағы Нұрсұлтан шыңы артық ың-шыңсыз қайтадан Алматы шыңы атауын алды», – делінген агенттік тілшісінің хабарламасында.
Теңіз деңгейінен 4367 метр биіктегі аты аңызға айналған аталмыш шыңның шежіресі де қызық. Ол 1930-1935 жылдары – Алматы шыңы, 1935-1997 жылдары Комсомол шыңы аталып келіпті. Ал 1997 жылы оған Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген. Кезекті туған күніне орай. Сол жылғы 6 шілде қарсаңында. Байырғы президент оны шынымен ұялмай «алған». Міне, сол эпопеяның дәуірі 2023 жылы аяқталып отыр.
Бұған дейін елімізде Нұрсұлтан Назарбаев номындағы көптеген орындардың атаулары алмасты. Әзірге оның атын алған Астана қаласындағы аэропорт, Қазақстанның барлық қалаларындағы даңғылдар сол қалыптарында. Көптеген қалаларда ескерткіштері тұр. Ондай бейнелік мүсін ел байтағында да бар.