Футбол: «Астана» Тбилисиде камбэк жасап, екінші раундқа шықты (видео)
ТБИЛИСИ. 20 шілде. Астананың «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының бірінші раундының қарымта матчында Тбилисидің «Динамосын» 2:1 етіп ұтып, келесі кезеңге бет алды. Бұл туралы vesti.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Командалардың бұдан тура бір апта алдын, 12 шілдеде Астанада ойналған бірінші матчы 1:1 есебімен тең аяқталған еді. Онда кездесудің 11-минутында Абат Айымбетовтің соққан добына меймандар Габриэль Сигуаның 57-минутта түсірген голымен жауап қайтарған. Сол есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Сакартвело еліндегі қарымта матч Тбилисидің бұрын «Динамо» атанған Борис Пайчадзе атындағы стадионында ойналды. Кеңес заманында мұнда Тбилисидің «Динамосы» өзінің барлық матчтарын өткізетін еді.
Ойынның бірінші таймында ойында алаң иелерінің жеңіске деген жігері басымдау болды. Қонақтардың қорғанысқа көбірек көңіл бөлетіндері байқалып тұрды.Тбилисиліктер шынында өткірлеу шабуылға біраз ден қойды. Мұның бір сәтінде, 22-минутта «Динамоның» шабуылшысы Усман Камара есеп ашып кетті.
Алайда матчтың екінші таймының басында ойындағы көрініс кілт өзгеріп, таразы басы бірден «Астана» жағына қарай ауа берді. Біздің жігіттер бір минуттың ішінде екі гол салып, керемет камбэк жасады, яғни ұтылып жатып, алға шығып кетті.
Алдымен 50-минутта қарсы қақпа алдындағы қысталаң сәтте жол тауып кеткен Абзал Бейсебеков ыңғайына келіп қалған допты оң аяғымен ұрып, қақпаға дәл түсірді.
Арада бір минут өткеннен кейін Дембо Дарбо бәсекелестер айып алаңына кірген бойда дарбазаға қарай қатты соғып, екінші голдың авторы атанды. Оның қатты ұрылған добын голкипер Григорий Лория қайтарып үлгергенімен, торға қарай ұшпауын қамсыздандыра алмады. Есеп – 2:1.
Айта кетелік жайт, екі доптың ассисенті Алекс Аманович болды. Бірінші жағдайда ол айып алаңындағы Абзал тұрған бұрышқа допты дәлдеп тастаса, екінші жағдайда өз алаңы аумағында алға қарай ұзатқан добын Дарбоға жеткізіп берді. Оны алған Дембо алға қарай ұмтылып, қарсыластарын алдап өтіп, нәтижелі соққы жасады.
Бұдан кейін екі жақтың да есепті өзгертуге мүмкіндіктері болды. Алайда мұның ешқайсысынан оң нәтиже шықпады.
Алаңдағы арбитр қосымша 7 минут белгіледі. Оның өне бойында алаң иелері шабуыл жасағандарымен, қонақтардың қарсы жорықтары да нәтижелі аяқтала жаздап жатты.
Осылайша екі ойынның қорытындысымен (3:2) жеңіске жеткен астаналықтар келесі кезеңге өтті.
«Астана» енді екінші раундта Хорватия астанасы – Загребтің «Динамосымен» кездеседі. Бірінші ойын 25 шілдеде Загребте, қарымта матч 2 тамызда Астанада ойналады.