Сыр бойында биыл бақша дақылдары үшін 3,5 мың гектар жер дайындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. 14 шілде. Үстіміздегі жылы Қызылорда облысының аудандарында бақшалық алқаптар үшін 3,5 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хабарламада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей тапсырмасы бойынша 3 500 гектар танаптың бақша дақылдарын егу үшін арнайы дайындалғаны айтылған. Оның 3282 гектарына, атап айтқанда, 1021 гектарына – картоп, 866 гектарына – көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді.
Қазір тұрғындар бақшалық үшін қосымша жер дайындауды сұрап, өздерінің егінмен айналысуға деген ынта-ықыластарын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы екенін, оның тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді.
Осы ретте облыс әкімі қала мен аудандар әкімдері мен басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың нақты сұранысына сәйкес жоспарлай отырып дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп жасау керек. Тиісті басшыларға егінге су беруді үйлестіріп, жиын-терімге дейін барлық жұмыстарға тұрақты бақылау жасау жүктелді.
Жансая НҰРҚОЖА