Ресейде билік транзиті басталды, жақында Путин алмастырылады – Осечкин
МӘСКЕУ. 13 шілде. Ресейде өте жақын арада президент Владимир Путиннің тақтан тайдырылып, оның орнына басқа адам отыратыны жайындағы қауесет күннен күнге өршіп келеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейлік белгілі құқық қорғаушы Владимир Осечкин «вагнершілердің» таяуда орын алған әскери бүлігі РФ-да билік транзиті үдерісінің сөреден шығуына негізгі дүмпуді бергеніне сенімді.
«РФ диктаторы Владимир Путин жуықтағы күндердің бірінде билік бишігінен паққас айырылады. Евгений Пригожин мен оның «вагнершілерінің» әскери бүлігі осы процесті күрт бастатып жіберді», – деді Gulagu.net ресурсының негізін қалаушы Владимир Осечкин журналист Юлия Латынинаға берген сұхбатында.
«Егер бұрын біз бұлай боларын болжап қана жүрген болсақ, енді Ресейде биліктің ауысуы де-факто екенін анық біліп отырмыз. Барлаушылар қауымындағылар өте жақын күндерде Владимир Путинді алмастырып, Кремльге басқа біреуді әкелу үшін билік транзитін бастап кету жөнінде белгілі бір мөлшерде келісімге келген сияқты», – деді ресейлік құқық қорғаушы.
Ол РФ-ның арнайы қызметі осы транзитті жүзеге асыру турасында шетелдік бірқатар барлау қызметтерімен келісімге келгеніне еш күмәнданып отырған жоқ.
Осечкин бүлікшілердің ешқандай жаза тартпай, «судан таза, сүттен ақ» болып шыққандары транзиттің айдан анық нәрсе екеніне көз жеткіздіре түсетінін айтады. Бұдан РФ президентінің өз күшін жоғалтып алғаны, оларды жауапқа тарту үшін ештеңе істей алмайтыны көрініп тұр.
Диктатордан әлеует кетіп қалғанын терроршы Игорь Гиркин (Стрелков) де айтып отыр. Ол Путиннің айналасындағылар оған қарсы заговор ұйымдастырып жатқанына шүбә келтірмейді. Себебі, РФ басшысы шеңберінде Украинадағы соғыстың тоқтатылғанын қалайтын адамдар да аз емес.
Гиркиннің пікірінше, Пригожиннің бүлігі айтарлықтай табысқа жеткен. Осыдан кейін Кремльде билікті бөлісу болып өткен. Олардың бірқатары «аспаз» бүлігінің алатын рөлін жоғары бағалайды. Бұлардың арасында РФ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Кириенко, миллиардер Ковальчук және ағайынды Ротенбергтер бар.
Терроршы Гиркин бүліктен кейін Шойгудың, Собяниннің және Воробьевтің биліктегі беделдері әлсіреп қалғанын айтады. Ол Ленинград облысынан шыққандар арасындағы Путинге ең жақын адамдар кіретін «Көл» кооперативі» деген топтың мүшелері қазір диктаторды тағынан тайғызғызуға ынталы екендерін мәлімдеді.
«Көл» мүшелері бұл орыннан не манағы Пригожиннің өзін, не Кириенконы көргілері келеді. Бұл ұйым Украинадағы барлық әскери саботаждарға қолдау көрсетеді-міс.