Қазақстан бітімгерлік миссиясын тек БҰҰ аясында ғана жүргізеді
АСТАНА. 7 маусым. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан армиясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде өзге елдердің аумағында ешқандай әскери іс-қимылға қатыспайтынын және бармайтынын мәлімдеді. Бұл туралы halyq-uni.kz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Бүгін Мәжілістің кулуарында Қорғаныс министрі көпшіліктің көңілін көптен бері күпті етіп жүрген мезіретті мәселеге қатысты түйткіл түйінін тарқатып бергендей болды.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі ретінде барлық жауапкершілікпен мәлімдеймін: Қазақстанның Қарулы күштері біздің аумағымызда, бітімгершілік мәселелері бойынша ел аумағынан шығу көзделмеген. Біз бітімгерлік миссиясын тек БҰҰ аясында ғана жүргіземіз. Бірақ ҰҚШҰ елдерінің аумағында орындамаймыз және ешқайда бармаймыз. Уайымдамасаңыздар болады», – деді Руслан Жақсылықов.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың қаңтарында бұрынғы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы болып тағайындалған болатын. Ол бұл қызметті 2023 жылдың басынан 2026 жылға дейін атқарады.
Тағы да еске сала кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Тәжікстан мүше болып табылады.
Бұлардың арасында Армения соңғы уақыттары ұйымнан шығу турасында бірнеше рет әр жерде сөз қозғап келеді.