«Павлодардың кондукторлары менің де қазақша сөйлегеніме шу шығарған»
Бұдан бірнеше күн ғана бұрын Павлодар қаласында жолаушылар автобусы салонында Алматы облысынан келген спортшы жасөспірімдердің өзара қазақша әңгімелесіп тұрғанын аңғарған кондуктор әйелдің олардан орысша сөйлеуді талап етіп, зіркілдеп айқайлап жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Қазақстанда мемлекеттік тілді аяққа таптағысы келген шовинист долы қатынға сол кезде балалар еліміздің гимнін хормен айтып, астармен жауап береді. Осы оқиға желіні пайдаланушылар арасында қызу талқыға түсіп, көпшілік мейманасы тасыған пасық көкірек әйелдің шектен шыққан әбес әрекетін жаппай сынға алған болатын.
Сол тұста сайтымыздың Әлім Әлиев есімді тұрақты оқырманы арнайы хабарласып, бізге кеңес кезеңінде Павлодар қаласында басынан кешкен тап сондай бір оқиғаны баяндап берді. «Япырмау, содан бері жағдай бір де өзгермепті ғой! Сонда 31 жылдан астам уақыттан бері тәуелсіз ел болып келе жатқанымыз қайда?» деп қайран қалады ол.
Әңгіменің желісі мынадай:
«Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы. Мен Қызылордадағы суландыру мекемелерінің біріне қарасты УПТК деген мекемеде инженер болып істеймін. Жұмыс жағдайына қарай, Ресей қалаларына жиі іссапарға шығып тұрамын. Мектепті де, институтты да орысша оқып бітіргенмін. Бірақ отбасында қазақша сөйлеп өскендіктен, екі тілді де бірдей жақсы білетін едім.
Ұмытпасам, 1987 жылдың көктемінде алдымен Томск қаласына аялдап, ондағы ДВП, ДСП атты құрылыс материалдарын шығаратын зауыттарда болып, шаруамды бір ыңғай етіп алғасын, Омбыға ұшып келіп, сол жерден ұшақ ауыстырып, өзіміздің Павлодарға тездетіп жеттім. Себебі, осындағы битум зауытына соғып, бұрын берілген өтінім бойынша бөлініп қойылған қарақағаз бен битумның Қызылордаға жедел жөнелтілуін қамтамасыз етуім керек-тін. Әйтпесе мұндағылар «әні-мінемен» созып жүріп алады, ал оны біздегі қызу құрылыс жұмыстары күтіп тұрмайды.
Күн айтарлықтай жылы еді, сондықтан жеңіл киінгем, қолымда «дипломат» шабадан ғана бар. Сол қалпыммен аэропорттан қалаға қатынайтын жолаушылар автобусына міндім. Ол кезде қоғамдық көліктерде кіре ақысын төлеу компостерге талон басып алу арқылы жүргізілетін. Алайда мұнда енді келіп жатқан менде қайдан талон болсын, сосын жанымдағы кісілерден ақшасына сұрастыра бастадым. Сол-ақ екен, қасыма әлекедей жаланған екі адам жетіп келіп, «қоян» («заяц») деп даурыға айқай салып, екеуі екі жағымнан ұстай алды. Шамасы, салонда мен секілді бейқам адамдарды күтіп тұрса керек. Бірақ автобус әлі орнынан қозғалмаған. Оған қарап тұрған бұлар жоқ. Менің сол кезде: «Талон сұрағанның не айыбы бар?» дегенімді құлақтарына да қыстырмады. Сол сәтте жанымнан өтіп бара жатқан бір қазақ кісіден өз тілімізде «Талон бар ма? Маған ақшасына беріңізші» деп сұрап едім, іле нағыз ұлы айқай басталды да кетті.
Енді әлгі екі шовинист маған: «Неге қазақша сөйлейсің?» деп діңкілдеп, қолымды артқа қарай қайырып, бұрауға кірісті. Содан кейін олардың біреуі дереу жүгіріп кетіп, әуежайдан бір милиционерді сүмірейтіп ертіп келді. Онысы да орыс екен. Мен оған бірден: «Бар өзіңнің аэропортыңа, бақылаушының айтқанында жұмысың болмасын, бұл жер сенің территорияңа жатпайды, әйтпесе мен ақырына дейін барамын, бұлай қоймаймын» деп бас салып, қатты сөйлеп тастадым. Содан соң пәті қайтқан милиционер басын ала қашып, өзінің жұмыс орнына кетіп қалды.
Сол екі ортада салондағы жалғыз қазақ қасымызға жақындап келіп, қалтасынан бір түйір талон шығарып, ана екеуінің беттеріне тақап тұрып: «Міне оның талоны» деп көрсетті. Сосын өзінің шала-шұрпы қазақшасымен маған: «Саспа, бауырым, мыналар енді сәл қит етсе, әкелерін танытамын» деп қойды. Сөйткенше болған жоқ, ол көз ілеспес жылдамдықпен едіреңдеп тұрған әлгі екеудің біреуін дәл құлақшекеден сілтей ұрып, тура кескен теректей ұзынынан сұлатып түсірді.
Салондағы аққұлақтар арасында бір адам қыбыр ете алмай, демдерін ішке тартып, сілтідей тынып, сол бойы отырып қалды. Жым-жырт. Тіпті бақылаушының екіншісі де қалшиып қатып қалыпты, серігін сүйемелдеп тұрғызу да ойында жоқ. Ал мен қорқа бастайын. Мынаның соңы насырға шауып, сотқа дейін сүйреп, біраз уақыт әурелейтіндерін ойлап, дегбірім қашты.
Бірақ қазақ ағам айылын жиған жоқ. Анау екеуіне «блатнойлардың» тілімен, түрме жаргонымен орысшалап бірер ауыз сөз айтты да, маған қайта бұрылды. «Мен осы әуежай ауданында тұрамын, – деді ол асықпай сөйлеп. – Мына екеуі сенің сырттан келген қазақ екеніңді біліп, әдейі түсіргісі келіп, дау шығарып тұр. Осында отырғандардың көбісі мені сыртымнан таниды, кімдермен жүретінімді де біледі, сондықтан ешқайсысы маған бата алмайды. Бұлар күштіден ығатын, жұдырықты ғана сыйлайтын жұрт. Енді сенің де маңайыңа жуи қоймайды. Мен мына екі шовинистің саған: «Неге қазақша сөйлейсің?» деп, жоқ жерден жөнсіз ұрыс шығарып, тиіскендеріне шыдай алмай кеттім. Қаным басыма шапты. Басқа жағдай болса, үндемей кете берер едім. Мына оқиға намысымды қайрап жіберді».
Шынында маған содан кейін ешкім ештеңе дей қойған жоқ. Жаңағы ойда жоқта танысып қалған ағам жары жолда автобустан түсіп қалды. Ары қарай өзім кеттім. Сонда да маған салонда бір адам бір ауыз артық сөз айта алмады.
Павлодардың шовинистері солай менің шаңымды қағып алмақшы болып, ақырында өздері шаң жұтып қалды. Бірақ ол орыстан басқаны мойындамайтын коммунистік кеңес жүйесінің қылышынан қаны тамып тұрған дүдәмал дәуірі еді. Өкініштісі, сол кездегі Павлодар әлі өзгермеген екен. Сонда отыз жыл бойы біз не істегенбіз?».