Журналист Козачков Черчесовке тек қазақ тілінде сұрақ қоюды ұсынды
АСТАНА. 17 қазан. Қазақстандық журналист Михаил Козачков футболдан ұлттық құраманың ресейлік бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовке тек қазақ тілінде сұрақ қою керектігін жазды. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовке қатысты дау басылар емес. Ол заңды да.
Құрама тізгінін ұстаған ресейлік маманның қазақ тілін келеке еткені көпшіліктің ашуын туғызғаны рас. Бұл жолы отандық танымал журналист Михаил Козачков бұдан былай Черчесовке тек қазақ тілінде сұрақ қоюды ұсынды.
«Қазақстанда қазақтың қазақ тілінде қойған сауалына қатысты футболдан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовтің түсініксіз әрекеті үшін айыппұл салынды. Енді барлық әріптесіме – ресейлік маманның баспасөз конференциясына баратын спорт журналистеріне – алдағы уақытта бас жаттықтырушыға тек мемлекеттік тілде сұрақ қоюды ұсынамын», – деп жазды Козачков.
Парламент депутаттары Геннадий Шиповских пен Ермұрат Бапи осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне депутаттық сауал жолдап, мәселеге дереу араласуды ұсынды.
Бұған дейін федерация оның бұл әрекеті үшін айыппұл арқалағанын алға тартқан. Черчесовтың өзі де тіл мәселесіне келгенде барынша ұқыпты болуға уәде беріпті-міс.