ЫРЫСЖАН
Алматыдағы «Болашақ» базары. Мұндағы тіршілік қақпақсыз қайнаған қазандағы судай бұрқ-сарқ болып жатыр. Қашқан да, қуған да осында. «Сауда күсет болсын, саудаң имам ағзам болсын!» деген сыпайылар да, «тапқаным осы, алсаң ал, жоқ болса жерден қазам ба?» деп шаптығысып жатқандар да, қалта ұрыларының құрбаны болып, безілдеп қалғандар да, қол жайған тіленшектер де, арбакештер, бақалшықтар да, оқиғаға көбік қосып сөз сапырғандар да толып жүр. Абыр-сабыр, ию-қию дүрбелеңге еттері өліп, бойлары үйреніп кеткендей.
– Киіс бермейтін киіміңнің бағасын түсірсеңші, – дедім саудагерге арзанырақ алсам деген ниетпен. Бас-аяғыма сынай қарап жақтырмаған пішінмен:
– Ұнатпасаң алма, өз жөніңмен жүре бер, – деп маған шығар жолымды нұсқап жіберді.
Жаңа кезеңнің жұмыс қарқыны әйел емес еркегіңнің жүйкесін жүн қылып жіберердей. Жақ жүні үрпиген, жауыр аттай қиқаңдап тұрған алтын тісті саудагердің жанынан өзім де тезірек кетуге асықтым. Тыныш кетпей, «ақшасы барлар имплант тіс салдырып жатқанда, қушиған бетке алтын тіс ыңғайсыз көрінеді екен-ау» деп ойлап үлгердім.
Екінші бір дүкеннің алдында адамдар қарасы көп. Бір әйелдің әмиянын қас пен көздің арасында екі беті қуарып, екі жағы суалған біреу жұлып әкетіпті. Көз жасын көл қылып шырылдап тұр.
Анталаған жұрт әйелдің бетіне жаутаңдай қарағаннан өзге әрекетке қауқарсыз. Ұры ұзай қоймаған. Тапырақтап қаша жөнелгенін жұрт көріп тұр. Топ ішінде қасын керіп, сызылып тұрған келіншек жүгіре жөнеліп, көп ұзамай-ақ, кеудесіндегі жанының жартысы суырылған өлімтік біреуді желкелеп әкеліп, көзіне көз ілеспес, сөзіне сөз ілеспес жылдамдықпен шалбарын сыпырып жіберіп,іш киімінің ішінен тоқ әмиянды суырып алды.
Долылығы мен ашуы қатар келді ме, мәңкүр-нәңкүрдей болып тыртиған таскенені жағасынан алып көтерді де жерге қайта-қайта дік-дік еткізіп ұрғыштады. Өзіңің қолыңан келмейтін істі біреу атқарғанда айызың қанады екен.Риза боп тұрмын. Әмияны қолына тиген әйелдің есі кетіп қалды ма, жас келіншекке раxмет те айтпай жөнеп берді. Ұры мен келіншекке кезек қарап, мен де жөнім жылыстадым.
Базарды ұзақ араладым. Бүгін үйге жөндеу жүргізетін адамдарды шақырып қойғанымыз есіме түсіп, қайтуға жиналдым. Кешіккен автобустағы адамдардың қолында бір-бір телефон. Бәрі бастарын төмен тұқыртып алып, телміріп отыр. Өз-өзінен күліп отырғандар, өз-өзінен сөйлеп отырғандар сырттан бақылағанда тым ерсі көрінеді. Менің ойым жаңағы келіншекте. Неткен өжет, неткен батыр деп ойлап қоямын.
«Құдай әйелді жаратқанда, оны алтыншы күннің кешінде бітіріпті» дейді аңыздарда. Қасынан өтіп бара жатқан періште:
– Жаратушы, неге бұл үшін ұзақ жұмыс жасадыңыз? – деп сұрайды.
Сонда Алла тағала:
– Сен бұл жаратылыстың бүкіл болмысына қарашы: ол екі жүзден астам қимыл-әрекетті игеруі керек. Кез-келген тағамның дәмі мен иісін ажырата біліп, бір мезетте бірнеше баланы құшағына алу, өзінің ыстық ықыласымен жарылған тізеден жараланған жүрекке дейін емдеп жаза алатындай болу керек. Осының бәрін қолымен атқарады, – дегенде періште таңданып:
– Тек қолымен ғана ма? Мүмкін емес қой.
– Ол өте нәзік, сонымен бірге ол өте күшті.
– Ол ойлана ала ма?
– Ойланып қана қоймайды, сендіре де алады, келісімге де келе алады. Ол қайғысын, күдігін, қасіреті мен қуанышын көз жасымен білдіреді.
Иә, солайы солай ғой деп өзім ойлап, өзім жауап беріп үйге келдім. Қақпадан кіре бере аңтарылып тұрып қалдым. Есіктің алды қараусыз адамның ауласындай қобырап жатыр. Қоқыстың үстінде сөндірілмей қалған темекінің тұқылы. Есік-терезелер айқара ашылып, аңғал-саңғал болып тұр. Күн қағары бар бас киім киген бір келіншек бала емізіп отыр. Шамасы құрылысшы күйеуіне еріп келген біреу-ау. Жанында егделеу әйел тұр. Үйден қаңғұр-құңғыр еткен балға мен шегенің дыбысы естіледі. Алдымен келісіп алмай, өзі білермендікпен жұмысқа кірісіп кеткендеріне жүйкем шым-шым етіп, жарылып кетердей болып тұрмын.
– Кімсіңдер? – дедім амандық-саулық сұрамас бұрын мына еркінсулерін тиып тастамақшы болып.
– Мына қызым сендердің үйлеріңнің штукатуркасы ма, левкасы ма, соны жасауға келіп еді. Емізулі баласы болған соң,ілесе келдім. Кішкентайы әлі тамақ ішпейді. Тойған соң алып кетемін, – деп үлкен әйел кібіртіктей жауап берді.
Шешесі менімен сөйлескенде қызараңдап, қайта-қайта шешесінің бетіне қарай берді. Бірдемені артық айтып, бүлдіріп қоя ма деген сақтығы болар. Ер мен әйел мамандығының қазір шекарасы жоқ кез ғой. Әйелдердің кафель төсеп, арматура сүйретіп жүргеніне көзіміз де, өзіміз де үйренгенбіз.
– Алдымен келісіп алмай, кірісіп кеткендерің қалай? – дедім арқа жүнімді күжірейтіп.
– Күйеуіңмен бәрін келістік. Енді сол кісіден сұра. – Бала емізіп отырған келіншек аузы, қолы, көзі, денесі бірге сөйлегендей әсер қалдыра, орнынан тұрды.
Момақан болып көрінген бет жүзі жиырылып, жанары жалт ете қалды. Құдай-ау, мынау жаңа базардағы ұры жігітті дік-дік еткізіп жерге қадаған келіншек қой. Түрі көңіл-күйге қарай мың құбылады екен. Осы үйдің иесі мен емес ол секілді, тым еркін. Біреудікін берсе қолынан бермесе жолынан алатын секілді. Осы мінезіммен сені де жасқандырамын деп безере қалғандай болды.
– Төбеге неге тиістіңдер? Қабырғаларға тұсқағаз жапсырып, төбені бояйсыңдар деп едім ғой, – деп мен де билігімді уыстан шығарғым келмей, ықтырғым келіп тұр.
Ішіндегі неше түрлі сайрап тұрған сөзін айтқысы келмегенде жалт қарайды екен. Іштегі долылығы мен ашуын қанталаған көзімен жеткізді. Бір-бірімізді жақтырмай, ырғастық та қалдық. Базарда осы келіншектің өжеттігіне сондай риза болып ем, өзіме қатысты болғанда не айтарымды білмей, дағдардым да қалдым.
– Атым – Ырысжан, таныстарым «Жанка» дейді. Қай қалағаныңызды айта беріңіз. «Көрдің бе мынаның сөзінің төркінін, о не дегені-ау деп тұрсың ба? Құдайға шүкір, әзірше осы үйдің қожасы өзіммін» деп жарылардай болып тұрсың ғой. Түсінемін. Төбені жаңаламасам, жөндеу жүргізілгені байқалмай қалады, кеудешеңіз сатпақ-сатпақ басып, жаңа етек көйлек кигеннен не пайда? – деп енді даусын жұмсартып, жылы жымиды. Мына әйелдің сиқыры бар-ау деймін, бір басыма жетерлік албастыдай ашуымның «пыс» етіп желі шығып кетті. Мені ырқына тез көндіріп ала қойды. Жастығы ма, мінезі ме, анау-мынауға мойымай, қабағы ашық жүреді екен. Үйдің ішін біз ойлағаннан да артық етіп жасап берді. Ол да риза,біз де риза боп қоштастық.
Өмір -арбаға жегіліп құйғытқан уақыт біраз жерге апарып тастаған. Ырысжан мені, мен Ырысжанды ұмытқалы қашан….
Жол апатына түскен бір жылдан бері сыртқа шықпаппын. Қол-аяқ гипстеліп жатқан. Жүруге жарап қалған соң, ауылға барып, туған-туыстың бет-жүзін көріп, көңілім марқайып, қайтып келе жатқанмын. Автобустың ырғағы ұйқы келтіріп, көзім ілініп барады екен:
– Шық жаныңның барында, – деген дауыстан көзімді ашып алдым.
Бір жерден естіген таныс үн. Терезеден басымды шығарып қарасам, Ырысжан. Ирек тұмсық, сирек сақалды, бақа көзді еркекті орындығынан жұлып алды да, бір періп ұзынынан түсірді. Төбелестің ортасына баруға батылсызданып автобус ішіндегі ер-азаматтарға қарадым. Бірі де тырп етпеді. Осындай жерге бас сұғудан мен де қашқақтайтын едім, Ырысжанды танып тұрып, танымастай түр көрсетуден ұялып, жұдырықтасқан екеудің жанына қорқа-қорқа таядым. Орнынан тұра берген еркекті басымен соғып, шекесін ісірді. Жырылған құлақтан қан саулап тұр. Күрек тісінің орны опырайып қалыпты. Жүргізушінің кондуктор әйелі иығынан тартқылап еді, бір итеріп жалпасынан түсірді. Бет-аузы қандыкөбік болып ойбайлады да қалды.
– Ырысжан, сенсің бе? Не болды сонша? – деп жеңінен тарттым.
– Естіп отырсыңдар ғой, ақшамды сұрағанымда, шешемнен боқтағанын. Қазақ қазақтың анасын боқтағанына қарап отырайын ба? Екінші боқтамайтындай етіп езуін жырып жіберейін қояншықтың, – деді алқынып.
– Қой, әйел мен еркек төбелесуі керек пе?
– Сөз ұқпайтын мұндай қояншықтарға жұдырық керек. – Ырысжан етін пышақ кескендей ышқынып тұр.
Арашаға сырттан адамдар келе бастады.
Ырысжанды жеңінен тартып, аулақ жерге апардым.
– Тәте, сен екенсің ғой, – деді бетіме енді қарап.
– Ищщак! – деді жерде шырт түкіріп, ет қызуын баса алмай.
– Қой, аузыңды былғамай-ақ қойшы, – дедім өзімше сабырға шақырып.
– Ищакты ищак демегенде, не дейін? – деді қанталаған көзімен жалт қарап. – Бұл заявщиктер қазір полицияға барады, бұлардан бұрын мен арыз жазайын, сен куәгер боласың, – деп мені орта жолда іле кетті.
«Көрмеген дауға айғақ болу иттік емес пе?» дей де алмай, пұшайман болдым.
– Таяқ жеген сен емессің ғой, – деймін кібіжіктеп.
– Сонда да.
– Бет-аузында ешқандай сызат жоқ, полицейлерге не айтасың?
– Қазір сенің үйіне барып бет-аузыма сурет саламыз. Мен сөзіне түсінбедім.
– Мен сенің кілең осындай төбелесіңе, ұрыс-керісіңе тап болады екенмін. Табиғатынан осындайсың ба, әлде кездейсоқ кезіңе кез боламын ба? – дедім әлі ашуға булығып тұрған Ырысжанға қарап.
– Менің ішінде қыз-қыз қайнап жататын қоламта бар ғой, жай жүргенде ешкімге еленбеймін, содан өстіп өзімді көрсетіп қоятыным бар, – деп сыңғырлай күліп, бұлттан шыққан күндей ашылып жүре берді. Ақ көңілмен ақтарыла жөнелгенде, жанарының қарашығы нұр шашып, әдеміленіп кетеді екен. Дәл қазіргі түріне қарап, жаңа ғана біреуді ит талағандай етті дегенге ешкім сенбес еді.
– Қожанасырдың анекдотындағыдаймын ғой мен, – деді.
– Қай әңгімесі? Естігенде болмаса, ұмытып қаламын, – дедім бетіне қарап.
– Қожанасыр құлайын деп тұрған үйдің жанында қолын жайып, Құдайдан дәулет сұрап отырады. Төбеден үлкен бір кесек құлап, басы жарылады. Қожанасыр басынан аққан қанды сүртіп төбеге қарап тұрып: «Е, Құдай, мен сенен дәулет сұраған жоқ па едім, бас жаруды өзім де білем ғой» деп назаланғаны секілді мен де Алладан басқа нәрсе сұрап жүргенімде, осындай опыр-топырдың ішіне қалай кіріп кеткенімді байқамай қаламын.
– Сонда бұл мінез қайдан?
– Шамасы, табиғатымнан. Әділетсіздік көрсем, біреудің артық сөзін естісем күйіп, өртеніп кетемін. Ауылда титтейімнен бастықтардың еркетай балаларына күн көрсетпейтінмін. Көршіміз балабақша меңгерушісі болды. Үйлері еңселі. 4-5 жастағы қызы ертемен басына ақ бантигін тағып, үстіне ақ көйлегін киіп балабақшаға бара жатады. Аяқ-киімі мұнтаздай. Онда бардың менде бірі де жоқ. Балабақшаға бармаймын. Күні бой есік алдында өз күнімді өзім көріп жүремін. Ішімді ыза ма, қызғаныш па, бір нәрсе түрткілейді. Өзіммен жасты қызды терең шұңқыры бар жолға: «Мына жолмен тез барасың» деп алдап алып келемін. Ол шұңқырға құлап, үсті-басын былғайды. Оған жаным ашыған болып, ол жерден шығарып, үсті -басын қағып, анасына жақсы көріну үшін құтқарушы адамдай жетектеп апаратынмын. Мұның не мінез, не қырсық екенін өзім де түсіне алмаймын, – деп жол-жөнекей айтқан сөзі ойға қалдырды.
Әңгімелесіп отырып, үйге тез келдік. Ауладағы гүлдердің жанында тұсалды да қалды:
– Гортензия бар екен ғой, хризантеманы қараңыз! Мынау нәзік бір қыздың ернінен аумайды. Мынау әуеде қалқып бара жатқан көгершін ғой. Фиалка билеп тұр. Мені көріп бір-бірімен сыбырласып кетті. О, мына сары лилияның сен сияқты қабағы түйіліп, айналадағы тәртіпті қадағалай қалыпты ғой. Ирисіңіз ауырып қалған ғой-ау, тыныс алуы жиілеп, қызуы көтеріліп тұр.
Ырысжан сөйлеп жүр, әр гүлді аялап, өзі де гүлге айналып кеткендей. Гүлге ұқсайтын көбелектер болушы еді, гүлге ұқсайтын адамдар да болады екен…
Әңгімелесіп отырмыз. Кездеспеген алты-жеті жылдың ішіндегі жаңалықтардың біразы айтылды. Енемнің жылдық асының жақындап қалғанын, үйдегі ағайының жалғыздығын, жол апатынан кейін отырып, тұруымның қиындап, қол-аяғымның онша икемге келмей тұрғанын, ауылдағы үйге жөндеу керектігін, уәде бергендердің өте қымбат сұрап,созбақтатып жүргенін айтып қалдым. Әңгімемді немкетті тыңдағандай түр байқатты. Сонша өзімсінгеніме өкініп қалдым.
– Тәте, алдымен ертең соттың сараптамасына керек сурет салып бер бет-аузыма, – деді.
– Не сурет?
– Денемді көгертіп бер.
– Қайтіп?
– Бақыр тиынмен ысқылайсың ба, күйеуіңе ұрғызасың ба, бір амалын тап.
– Қойшы, Ырысжан, пәле қумай. Керек болса, өзің көгертіп ал, – дедім.
Ол үстін, білектерін қара бақырмен ысқылап, шымшылап, көгертті. Содан кейін дастарxанға қайта отырып:
– Ауылың қайда еді? – деп сұрады.
– Тараз жақта. «Көкдөнен» деген ауыл.
– Ертең мен дәрігерге барып анықтама алған соң ауылыңа жүріп кетейін. Сен 2-3 күн қалғанда келерсің.
Мен оның тосын шешіміне таң қалдым.
– Қалай? Біздің ауылда білмейсің ғой.
– Қорықпаңыз, бәрі тастай болады, – деді.
Абдырап-ақ қалдым. Сенейін бе, сенбейін бе? Туыс, бауыр, ауылдас емес. Осымен екінші рет қана кездесіп отырмыз. Менің бұл адам туралы бар білетінім, қарсы келгеннің иттерісін басына қаптап жіберетіні. Білмейтінім – мына адамгершілігі.
Келістім. Ертесі екі аптаға жетерлік азық-түлігін тиеп, қасына інісін алып, өзі бұрын көрмеген, білмейтін ауылға аттанып бара жатты.
– Полиция іздемей ме сені? – дедім.
– Іздемейді, арызымды алып, жыртып тастадым. Жүргізуші екінші рет ешкімді шешеден боқтамайтындай болып кешірім сұрады, – деп жайраңдап тұр.
«Көкдөненге» келгенімізде, Ырысжан осы ауылдың топырағында өскен баласындай бірін бауыр, бірін құрдас қылып сіңіп кетіпті. Жұрттың бәріне еркін. От боп жанып, көңілді шайдай ашып жіберді. «Адуын мінезі бар» деп айтып көрейінші, ешкім де сенбес еді. Ауылдастардың әрқайсының түрін аудармай сала қойып, солардың сөз мәнерімен сөйлеп, өздерінен асырып жіберіп, қыран-топан күлкіге қарық қылып жүр екен.
Айқайлағысы келсе күлетін, жылағысы келсе ән айтатын, сенгені үшін күресетін, әділетсіздікке қарсы тұратын, жанындағы жандардың табысына қуанатын, жүрегі қайғыдан қақ айрылса да, өмір сүру үшін өз бойынан қуат таба алатын осы әйелге қарап, мұңая ма деп ойлаушы ем, мұңаймақ туралы өзгенің қайғысына жылайды екен.
Өмірдің соңғы сәттері. Ішің ұлып тұрса да үміт сәулесі өшпейді екен. Ырысжан екеуміз Қыдырәліні күзетіп отырмыз. Дәрігер де, молда да «жүрегі жақсы» деп сендіріп кеткен. Сабырлы қалпына қарап айтқандары болар.
– Тәте, ағаны шомылдырып, тазалап қояйық, – деді де, ағасын құндақтаулы бөбектей өбектеп отырып ваннаға кіргізді.
– Сен шыға тұр, шешіндіргеннен қысылып қаларсың, – дедім.
– Тәте, қойшы, еркек көрмей жүр дейсің бе мені, – деп ағасын шомылдырып жатып, ағыл-тегіл жыласын келіп.
Су сарқырап, Ырысжан жылап, менің санам жүдеп, көз алдым мұнартып, бұлдырап кетті.
– Қойшы, Ырысжан, – дедім даусым шығар-шықпас.
– Өмірімде осымен екінші рет қатты жылап тұрған шығармын. Біріншісі өзіме қатысты. Сүйіп тұрып сүймеймін деп айтқаным үшін өмір бойы жазаланып келемін. Содан кейін мың еркектің арасынан ақыл мен сезімге сай ешкімді жолықтырмадым. Бұл – менің кісі кемсіткенім емес. Жан-дүниеңмен ұғыса алмасаң, рухың қосылмаса, неке қосылғаннан не пайда?!… Жүрегіңде сезім жарқылы ойнамаса, көңлің күздің жапырағындай жылап жүреді екен. Екіншісі, сен үшін. Бала-шағасын, ауыл-аймағын, сені, сенің сырт көзге байқатпайтын маxаббатыңды тастап, аға да кетіп бара жатыр. Мен маxаббатты жоғалтқанда ғана жылайды екенмін, тәте! – деп бетін басып, солығын баса алмай ұзақ жылады.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА