Канн кинофестивалінде кімдердің жұлдыздары жарқырап жанды?
КАНН. 28 мамыр. Францияның Канн қаласында өтіп тұратын дәстүрлі кинофестивальдің кеше түнде аяқталған 76-шы маусымы жүлдегерлер шоғырын анықтады. Бұл туралы news.am мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өнер сайысында «Алтын пальма бұтағы» жүлдесін француз режиссері Жюстин Трие мен оның «Құлдырау анатомиясы» фильмі жеңіп алды. Картина Сандра есімді жазушы әйелдің өмірі жайынан сыр шертеді. Ол күйеуінің шатырдан құлап, қаза тапқан қалпын көреді. Сот процесі кезінде бұған әйелдің қатысы бар деген күдік туады. Мұның соңы біраз шырғалаңға апарып соқтырады…
Конкурс бағдарламасына барлығы 18 лента кірген. Олар бүкіл фестиваль бойына қайталанып көрсетіліп тұрған.
Қазылар алқасын швед режиссері Рубен Остлунд басқарды.
Гран-при америкалық режиссер Джонатан Глейзер түсірген «Мүдделер аймағы» фильміне тапсырылды.
Қазылар жүлдесі финляндиялық режиссер Аки Каурисмякидің «Ағаштан түскен жапырақтар» деген лентасына тиесілі болды.
«Үздік режиссура» жүлдесі «Доден Буффанның рагуі» фильмін ұсынған франциялық режиссер Чан Ань Хунгке бұйырды.
«Үздік сценарий» жүлдесі жапон режиссері Хироказдзу Корээданың «Монстр» картинасының сценриін жазған Юдзи Сакамотоға берілді.
«Үздік әйел рөлі» жүлдесімен түрік режиссері Нури Бильге Джейлан түсірген «Қурақ шөптер туралы» фильмінде ойнаған түркиялық актриса Мэриэ Диздар марапатталды.
«Үздік ер кісі рөлі» жүлдесіне алманиялық режиссер Вам Вендерстің «Идеалды күндер» картинасына қатысқан жапон актері Кодзи Якусе қол жеткізді.
«Үздік дебют» үшін берілетін алтын камераны «Пілләның сары қабығының ішінде» лентасы үшін вьетнамдық режиссер Фам Тиен Ан алды.
«Үздік қысқа метражды фильм» жүлдесі «27» картинасын дайындаған режиссер Анна Флора Будаға табыс етілді.
Суреттерде: 1.Фестивальдегі жүлде тапсыру сәті, түрік актрисасы Мэриэ Диздар; 2.«Мүдделер аймағы» фильмінен кадр