Серік ПІРНАЗАР
Кез келген дерлік қаламен танысу оның бас әуе қақпасы – аэропорттан басталады. Сырт жақтан біздің еліміздің бас шаһарына ұшақпен келе жатқан әрбір қонақ оның келбетін алдымен көк жүзінен, иллимюнатордың әйнегінен көреді. Бұдан әрі қаламен танысу әуе гавані ғимаратының өзінде жалғасады.
Астана аэропорты өз тарихының тамырын ертеректен тартады. Ол бұл күнге дейін біршама бұрылысты жолдардың жондарымен жүріп өтті. Бір кездері губернияның, облыстың, өлкенің орталығы болған байырғы Ақмола-Целиноград шежіресінде айшықты орныі болған аэропорт егемендіктің биылғы 26-шы жылында тағы да бетбұрысты белесті бастан кешірді. Осының алдында ғана жанынан халықаралық стандартқа сай тағы бір зор ғимаратқа жай беріп, ауқымын үлкейте түскен Астана аэропорты 21 маусымда Қазақстан Президентінің құрметіне өзгертіліп, ол «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып атала бастады.
Биыл тіршілік ете бастағанына 86 жыл толып отырған халықаралық аэропорт Қазақстандағы ең байырғы әуе гаваньдарының бірі болып табылады. Біздің республикада алғашқы әуежай 1929 жылы Семейде салынған болса, 1931 жылы мұндай қатынас Ақмола мен Атырауда қанат қақты. Қазір еліміздегі ең үлкен әуе қақпасы болып отырған Алматы аэропорты өзінің алдына 1933 жылы Шымкент пен Ақтөбені салып барып, 1935 жылы ірге көтерген.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» бүгінгі таңда еліміздегі екінші ірі аэропорт болып саналады. Ол ішкі авиатасымалында алдына тек Алматы халықаралық аэропортын ғана салады. алға салады. Әуежай ешбір шектеусіз барлық типтегі әуе кемелерін қабылдап алуға лайықтанып жасалған. Оның ұшу алаңындағы асфальтпен жабылған алқап 3 шақырым 500 метрді құрайды. Ондағы қазіргі заманғы сигнал жүйесі ұшу-қону белдеуінде көріну келбеті көкжиектен 200, тігінен 15 метр жерден әуе кемелерін қондыра беруге мүмкіндік жасайды.
Қазіргі күндері аэропортта өз елімізден бөлек, шет елдердің 14 авиакомпаниясы тұрақты жолаушылар рейстерін тұрақты ұшырып тұруды қамтамасыз етеді. Олардың арасында «Эйр Астана», SCAT, «Жетісу», «Еуро Азия Эйр», Lufthansa, Etihad Airways, Austrian Airlines, Turkish Airlines, «Өзбекстан хава йуллары», Украина халықаралық авиажелісі, «Россия», «Белавиа» сияқты құрылымдар бар. Аталған компаниялар тәулік сайын алыс және жақын шет елдерге 40-қа жуық ұшу сапарларын ұйымдастырады. Елорда аэропортынан еліміздің барлық облыстары орталықтарына, сондай-ақ ТМД-ның Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Екатеринбург, Новосібір, Омбы, Минеральные воды, Киев, Минск, Ташкент, Баку, Тбилиси, Ереван, Бішкек сияқты қалаларына ұшақтар ұшып шығады. Ал алыс шет елдерден Бейжің, Лондон, Париж, Дели, Сеул, Бангкок, Варшава, Будапешт, Майндағы Франкфурт, Абу-Даби, Шарджа, Ыстанбұл, Анталья, Үрімші шаһарларымен арада әуе қатынастар орнатылған.
Астана аэропорты өзінің іргесін 1930 жылы қалады. Ол Ақмоладан 3 шақырым қашықтықта қамыстан соғылған 8 бөлмелі үй түрінде бой көтерді. Әуежай аумағынан шаршы түріндегі ұшу алаңы салынды. Ал ғимаратта шағын зал, ұшқыштарға арналған екі бөлме, бензин сақтайтын өжірелік баспана, сондай-ақ май мен суды қыздыратын шошала орналасты.
1931 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ақмола мен Семейдің арасында әуе қатынасы орнады. Бірақ Арқа төсінде Есіл тасып, су тасқаны басталған кезде аэродром жабылып қалатын. Ал қала мен аэродром арасын телефон байланысы жалғастырды. Ол кезде Есіл өзенінің үстінде бірде-бір көпір жоқ, екі жағалауға паром қатынап тұрды. Алғашқы жылдары әуе қатынасы тұрақты болмады. Сондықтан әуе кемесі ұшатын күндер жөніндегі хабарландырулар арасында «Ұшу дүйсенбі күні таңертең» немесе «Сәрсенбіде күн шығар алдында» деген мәтіндер кездесе беретін. Ал жолаушылар мен пошта жүктерін тасымалдауды К-4, К-5, ПР-5, П-5, П-2 лайнерлері жүзеге асырды.
1946 жылдың басынан Ақмола аэропортына тұрақты база етуге бірінші рет ПО-2 ұшақтар звеносы келді. Звено Қарағанды авиа кәсіпорнына қарады. 1947 жылдың соңы мен 1948 жылдың басында Ақмола аэропортының базасында Қарағандыда орналасқан авиажасақтың құрамына кіретін ПО-2 ұшағының 3 звеносы жинақталды. Әуежай сол кездегі замануи жабдықтармен жарақтандырылды. Сол сияқты радиостанса үшін фин үлгісіндегі бір жай, үш қамыс үй мен гараж соғылып, ғимараттар қатары көбейе түсті. Мұндағы қызмет көрсетуші персонал саны 50 адамға дейін артты. Аэропорт Ли-2 типті жеңіл және ауыр ұшақтарды қабылдауға кірісті. 1951 жылғы мамыр айында бұл жерге бірінші рет Ил-12, сәл кейінірек Ил-14 маркалы лайнерлер келіп қона бастады. 1954 жылы звено базасында авиаэскадрилья жасақталды. Ал 1956 жылдан бастап аэропорт тәулік бойы жұмыс істеу жүйесіне көшті. 1959 жылғы 9 мамырда Ақмола біріккен авиажасағы ұйымдастырылды. Сол жылы оған қосымша Ан-2 ұшақтары бөлініп, жергілікті желідегі жүйені ұлғайта түсуге мүмкіндік жасалды. 1960 жылғы 16 қазанда Ақмола аэропортына үшінші сынып дәрежесі берілді. Келесі, 1961 жылы әуежай бірінші рет ЛИ-2 ұшақтарына қол жеткізіп, соның нәтижесінде Қостанай мен Степногорск қалаларына әуе қатынасын орнатты.
1963 жылғы 4 қарашада Целиноградта қаладан 18 шақырым жерде жаңа аэропорт ғимараты салтанатты жағдайда ашылды. Ол Астана әуежайының қазіргі тұрған орнында пайда болды. 1969 жылғы 21 сәуірде Целиноград авиажасағының ұшақ паркі Ан-24 әуе кемесімен толықты. Бұл оның жолаушылар мен жүк тасымалындағы тасқыны көлемінің күрт өсе түсуіне жол ашып берді. Ал 1975 жылы мұнда бірінші рет Ту-154 алып ұшағы келіп қонды. Ол Алматы – Целиноград – Мәскеу маршруты бойынша ұшатын тұрақты рейстің ашылуына байланысты мүмкін болды.
Астана аэропортында 2002-2005 жылдар оны реконструкция жасаудың ірі көлемді халықаралық жобасы жүзеге асырылды. 2005 жылы 2 ақпанда аэропорттың жаңа жолаушылар терминалының салтанатты жағдайда ашылуы орын алды.
Авиаторлар үшін 1998 жылы ел орталығының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі үлкен тарихи оқиға болды. Осыған байланысты аэродромға өте қысқа мерзім ішінде реконструкция жасалып шықты. Мұның барысында жасанды жабынды жабылған ұшу-қоу белдеуі 3 500 метрге дейін ұзартылды, шектеудегі жолдар мен перрон кеңейтілді. Жарық жүйелері мен радионавигациялық жабдықтар жаңартылды. Сонымен бірге аэропорттың VIP ғимараты салынып, аэровокзал кешені жаңғыртылды.
Қазіргі таңда «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ассоциациясының IIIА категориясына ие. Ол сондай-ақ Ил-76, Ан-124, Б747-400F секілді барлық типтегі әуе кемелерін шектеусіз қабылдап, қызмет көрсететін дәрежеге жеткен.
«Астана ақшамы»
21 желтоқсан, 2017 жыл