Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанда не істеп жүр? (видео)
ТАШКЕНТ. 8 қыркүйек. Өзбекстанның таблоидтары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзбек жеріне келіп-кеткені байқалғанын жазып жатыр. Бұл туралы Podrobno.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның ошарын естіген қазақстандық ресурстар мен әлеуметтік желілер Назарбаевтың аяқ астынан мұнда неге бара қалғанына оймен барлау жасап, алуан түрлі болжам білдіруде.
Жасы 84-тен асқан шалымды шалдың мұнда неге шала бүлініп, шапқылап келе қалғаны талайды таң қалдырғанға ұқсайды. Бәрінде «Назарбаев Өзбекстанда не істеп жүр?» деген жалтармасыз жалғыз сұрақ.
«Шавкат Мирзиёев жұма күні Бұхараға барып, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен оңаша кездесті», – делінген хабарламада.
«Узбекистан-24» телеарнасының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Бұхараға көне шаһардың мәдени және тарихи көрнекі жерлерімен танысу үшін келіпті. Сосын Мирзиёев пен Назарбаев Бұхараны біршама аралап, сейіл-серуен құрыпты. Олар түйінді көрікті орындарға аялдаған, соңынан мешіттердің біріне кіріп, бірлесіп зиярат жасаған.
Айта кетуіміз керек, Қазақстан экс-президентінің бұл сапары жөнінде ресми де, ресми емес сықпытта да ешқандай мәлімдеме болған жоқ.
«Сенбі күні Шавкат Мирзиёев Ташкентке оралды», – деп жазды Podrobno.uz ақпарат агенттігі. Соған қарағанда, Назарбаев та өзбек жерінде сенбіге дейін болған сияқты.