Песков Кремльдің Мадьярды жеңісімен құттықтамайтынын мәлімдеді

МӘСКЕУ. 13 сәуір. Кремль Венгрияны «дос емес ел» деп атап, Петер Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтаудан бас тартты. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль билігінің Еуропа одағындағы соңғы одақтасы Виктор Орбанның «Фидес» партиясын жеңіп шыққан оппозициялық «Тисаның» басшысы Петер Мадьярды парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтамайтынын мәлімдеді. «Біз өзімізбен достас емес елдерге құттықтаулар жібермейміз. Ал Венгрия бізбен достас ел емес, ол бізге қарсы санкцияларды қолдайды», – деді ол айды аспаннан бір-ақ шығарғандай болып. Әйтпесе, Хунгрия тап осы сайлауға дейін Ресеймен керемет достық қатынаста болып келген. Шамасы, Венгриядағы дауыс беру нәтижелері жарияланғаннан кейін Мадьярдың елді Ресейден алыстатып, Еуропа одағы мен НАТО-ның күшті одақтасы болуға уәде бергені таразы басын кілт өзгертіп жіберсе керек.
«Мәскеу өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға ашық», бірақ Венгрияның жаңа басшылығының басты желісі прагматикалық бола ма, саясаттандырыла ма, соны байқап көреміз», – деді Песков осы ретте. Ол сондай-ақ Ресей бұған дейін Венгрияны 16 жыл басқарған және ЕО-ның Ресейге қарсы санкциялар пакеттерін үнемі бұғаттап тұрған Орбанмен диалог жүргізіп келгенін атап өтті. Мадьярдың өзі сайлау нәтижелерін жариялағаннан кейін Будапешттің жаңа үкімет жағдайында президент Владимир Путинмен келіссөздерді жалғастыратынын ашып айтты, бірақ онымен келіссөздер тек іскерлік және мұнай мен газды жеткізуге қатысты болады.
«Бізге Ресей президентімен келіссөздер үстеліне отыруға тура келеді. Ресейдің де, Венгрияның да географиялық орны өзгермейді. Біздің энергияға тәуелділігіміз де біраз уақытқа қалады», – деді Мадьяр сайлау қарсаңында. Сонымен бірге, «Тиса» жетекшісі Путинге деген жанашырлықтың жоқтығын баяндады, «Біз онымен дос бола алмаймыз», – деді ол.
12 сәуірде қатысқан адамы жөнінен рекордтық деңгейде өткен сайлаудың қорытындысы бойынша «Тиса» 53%-дан астам дауыс алды, бұл оған 199 орынның 138-ін егеленуге мүмкіндік береді, демек, парламенттегі конституциялық көпшілікті қамтамасыз етеді. Партиясы кіші серіктесі – Христиан-демократиялық халық партиясымен бірге 38,4% дауыс жинаған Орбан жеңілгенін мойындады, бірақ «берілмеуге» уәде берді.
Осыдан кейін Кремль Венгрияның жаңа басшылығымен байланысқа дайын екендіктерін мәлімдеді. «Венгрлер өз таңдауын жасады. Біз бұл таңдауды құрметтейміз. Біз жаңа нұсқаулықпен өте прагматикалық байланыстарымызды жалғастырамыз деп сенеміз», – деді Песков бұған дейін.






