Боксшы Руфат Рискиев өмір бойы IBA-дан зейнетақы алып тұрады
ТАШКЕНТ. 16 мамыр. Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) әлемнің алғашқы чемпионатында топ жарған өзбек боксшысы Руфат Рискиевке өле-өлгенше зейнетақы тағайындады. Бұл туралы Gazeta.uz порталы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Халықаралық бокс ассоциациясы әлемнің алғашқы чемпиондарының бірі болып табылатын кеңес және өзбек боксшысы Руфат Рискиевке өмір бойы қаржылай қолдау көрсететін болады», – делінген ассоциация баспасөз қызметінің хабарламасында.
Руфат Рискиев – әлемнің 1975 жылы Гаванада (Куба) өткен бірінші чемпионатының алтын жүлдегері, 1976 жылы Монреальда (Канада) өткен Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының екі дүркін жеңімпазы (1971, 1975), КСРО-ның төрт мәрте чемпионы (1972, 1974, 1975, 1976), бір мәрте күміс (1973), бір мәрте қола (1971) жүлдегері.
IBA президенті Умар Кремлев 13 мамыр күні 73 жастағы атақты боксшыға ауруханада жатқан жерінде кіріп шығып, соғыс кезінде Бухенвальд концентрациялық лагерінде тұтқын болған Өзбекстанның екі дүркін чемпионы, спорт шебері, Өзбекстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Андрей Борзенконы еске түсіруге арналған «Жеңіске деген жігері үшін» марапаты мен чемпиондық белбеу тапсырды.
Руфат Асадоғлы Рискиев 1949 жылы 2 қазанда Ташкент облысының Аққорған қаласында ұйғыр отбасында дүниеге келді. Ол 12 жасынан бастап атақты жаттықтырушы Сидней Джексонның қол астында жаттыға бастады. «Ташкент жолбарысы» рингте 189 жекпе-жек өткізіп, 174 рет жеңіске жетті.
Руфат Рискиев бірнеше фильмге де түсті. Соның ішінде өзі жайында баян жасайтын «Рингке шақырылады» картинасында бас кейіпкерді өзі сомдады.
Спорт ардагері 2016 жылы гангренаға айналып кетуі салдарынан оң аяғын кестіріп тастаған.
Суретте (солдан оңға қарай): Руфат Рискиев пен Умар Кремлёв