Кремль дрондар шабуылын өзі ұйымдастырып, арандату әрекетіне барды
МӘСКЕУ. 3 мамыр. Өткен түнде Мәскеу Кремльге дронмен шабуыл жасауды өзі ұйымдастырып, оны Украинаға жауып, арандату әрекетіне ұрынды. Бұл туралы ресейлік және украиналық таблоидтар дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Ресей президентінің баспасөз қызметі дайын отыр екен, мұны бірден алдын ала жоспарластырылған террорлық акция және Путинді өлтіруге бағытталған талпыныс деген ақпар таратты. Бұған қоса, Ресей тарапы бұған жауап беретін шараны қарастыруды өз құқы деп есептейді дегенді нығарлап қосып қойды.
Оқиға сәрсенбіге қараған түні орын алған. Екі ұшқышсыз ұшақ ұшып келіп, Кремльге шабуыл жасаған. Алайда әскерилер мен арнайы қызмет оларды тез қатардан шығарып тастаған. Соның нәтижесінде ешкім зардап шекпеген. Кремльдегілердің айтуларынша, президенттің жұмыс кестесі бұзылмаған.
Көргендердің әңгіме етулерінше, түнде Кремльдің үстінде от жарқылдап, түтін будақтаған, ал инциденттен кейін қолдарына панар ұстаған адамдар қабырға жағалап ұзақ жүрген.
Киев өздерінің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ екендерін ашып айтты. Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров: «Украинаның барлық күштері мен құралдары өзгенің жеріне шабуыл жасауға емес, жау басып алған өз территориясын азат етуге жұмылдырылған», – деді.
Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк инцидентті Ресейдің Украинаға жаңа шабуыл жасауға ұмтылуымен байланыстырды. «Ресей, шамасы, кең ауқымды террорлық акт жасауға дайындалып жатқан сияқты. Сондықтан Қырымда диверсанттардың үлкен тобын ұстап отыр. Сосын «Кремль үстіндегі дрондарды» осылай көрсетіп алады», – деді ол.
Ал Ресей мемлекеттік думасының депутаттары Украинаға соққы беруді күшейтуге шақырды. «Ұшақсыз ұшқыштардың Ресей президентінің резиденциясына шабуыл жасауы соғыстағы «жаңа кезеңді білдіреді», – деп мәлімдеді дума комитеті төрағасының орынбасары Олег Морозов.
Ең соңынан сарапшылар Кремльді соққылаған дрондардың Мәскеу түбінен ұшып шыққандарын атап өтті. «Олар украинның Ресейдегі астыртын ұйымының мүшелері болулары мүмкін», – деді Мәскеу стратегиялар және технологиялар орталығының директоры Руслан Пухов.