Бокс: Бүгін чемпионатта бір боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды (видео)
ТАШКЕНТ. 3 мамыр. Өзбекстан байтағында ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының үшінші күнінде бір қазақстандық жеңіліске ұшырады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Бүгін 54, 60, 67, 71 келіге дейінгі салмақтардағы атлеттер өзара күш сынасты. Шайқастар күндізгі және кешкі сессиялар болып, екіге бөлініп өткізілді.
Күндізгі сессия 14:00-17:00 сағат аралығында, кешкі сессия 18:00-21:30 сағат аралығында шаршы алаңды шайқады.
Бізден 60 келіге дейінгі салмақтағы Талғат Сырымбетов қана рингке шықты. Құраманың дебютанты, қарағандылық боксшы мұның алдындағы 1/32 финалдық іріктеу айналымында тай Сакда Руамтхамды 5:2 етіп ұтқан болатын.
Бұдан алдын хабарлағанымыздай, Талғат 1/16 финалдық кезеңде иорданиялық Мохаммед Абу Джаджедпен жұдырықтасты. Қарсыласы қазіргі Азия чемпионы екеніне қарамастан, біздің оғлан жаман шайқасқан жоқ. Ол бірінші раундта шабуылдаумен болды. Дегенмен, қапталдағы төрешілердің шешімі иорданиялық жігіттің жағында болды. Екінші раундта Талғат қарқынды біраз арттырды. Оның нөпіріне шыдамай, қайта-қайта құшақтай берген иорданиялық арбитрдан ескерту алды. Мұның да әсері бар шығар, қазақстандық бұл жолы басым болып шықты. Сөйтіп, үшінші раундты екі атлет бірдей мүмкіндікпен бастады. Мұнда Талғат қарқынынан тайған жоқ. Алайда төрешілер Джаджедтің озық болғанын айғақтады.
Ертең, 4 мамырда 48, 63,5 келіге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтағы боксшылар 1/16 финалдық, ал 51 келіге дейінгі салмақтағы саңлақтар 1/32 финалдық жекпе-жектерін өткізеді. Бізден екі боксшы шаршы алаңға шығып, 1/16 финалдық шайқастарын өткізеді. Соның ішінде Санатәлі Төлтаев маврикийлік Ричарно Колин Луиспен шайқасса, 92 келіден ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Алексей Дрюновпен ұстасады.
Күндізгі сессия – сағат 13:00-16:30, кешкі сессия сағат 18:00-21:15 аралығында өтеді.
Сол уақыттарда «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Суретте: Талғат Сырымбетов
Vesti.kz фотосы