АҚШ Ресейге көмек көрсеткені үшін Қазақстанға санкция салмақшы
АСТАНА. 25 сәуір. АҚШ Ресейге Батыстың шектеу шараларын айналып өтуге көмек беріп жүргендері үшін Қазақстан банктері мен компанияларына санкция салуы мүмкін. Бұл туралы шетел таблоидтары дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Астанаға келіссөз жүргізуге келген АҚШ қаржы министрінің орынбасары Элизабет Розенберг мынадай «бармақ басты, көз қысты» тірліктің сондай жағдайға алып баратынын ашық айтты.
«Қазақстан Республикасына қатысты да, оның компаниялары мен банктеріне қатысты да тәуекел қатері өсіп келеді», – деді ол санкция режимін бұзғандары үшін салынатын айыппұл шаралары жайында айта тұрып.
Қазақстан 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Ресейге тауар жеткізіп беру көлемін 25 пайызға өсіріп жіберген, сөйтіп, РФ үкіметінің жалпы құны ондаған миллиард доллар тұратын параллель импорт тауарларын алуына жәрдем берген. Мысалы, РФ-ға жылына 100 мың дана кір жуғыш машиналарын экспорттаған. Ал 2021 жылы тұрмыстық техниканың бұл түрін мүлде жөнелтпеген. Қазақстан сол сияқты қазіргі заманғы шалаөткізгіш сымдарды экспорттауды 300 еседен асырған, яғни ақшаға шаққанда, 3,7 млн долларға жеткізген.
Қазақстанға Америка қаржы министрлігінің делегациясын бастап келген Элизабет Розенбергтің айтуынша, мұндай сауда-саттық жазалауға тұрады, сондықтан АҚШ әзірге ескерту жасайды. Себебі, мұның Ресейді санкция салмағынан құтқарып қалудың негізгі тәсілі екені бірден білініп тұр.
Астанаға келер алдында Розенберг пен АҚШ қаржы министрінің тағы бір орынбасары Брайан Нельсон Еуропа елдеріне соғып, Ресейдің санкциялық режимді қандай жолмен айналып өтіп келе жатқаны жөніндегі барлау мәліметтерімен танысқан екен.
АҚШ делегациясы бұл орайда Қазақстан өздерімен әріптестік қарым-қатынас орнататын болса, оған ұсынатын «жылы-жұмсағы» бар екенін де мәлімдеді.
Бұған дейін мұндай ұсынысты Еуропа одағы да жасаған болатын. Одақ Қазақстанға мұнайын бірден өз нүктесіне жеткізуге көмектесуге, азаматтарын Еуропа одағы елдеріне визасыз жіберуге уәде берді.
Американың ресми делегациясы Қазақстаннан кейін осы мақсатпен Өзбекстанға ат басын бұрады.