Қытай билігі Париждегі елшісінің сөздеріне орай жауап берді
БЕЙЖІҢ. 25 сәуір. Қытай сыртқы істер министрлігіі Париждегі елшісінің бұрынғы КСРО елдері жөніндегі мәлімдемесіне қатысты өз тұжырымын білдірдіі. Бұл туралы шетел баспасөзі хабарларына арқа сүйеген rast.kz хабарлайды.
«Бейжің кезінде Кеңес Одағы құрамына кірген барлық елдердің егемендігін құрметтейді», – деп мәлімдеді ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шайдың Қырым мен бұрынғы КСРО республикаларының егемендігі жайлы айтқан сөздеріне түсіндірме беріп тұрып.
«Қытай КСРО ыдырағаннан кейін одан бөлігініп шыққан елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі болды, Қытай ол елдермен қашанда өзара құрмет және қарым-қатынастар тепе-теңдігі қағидаттарын ұстанып келеді. Қытай КСРО-ның бұрынғы барлық республикаларының егемендігін құрметтейді», – деді дипломат.
Мао Нин Бейжіңнің барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын мойындайтынын және БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын қолдайтынын атап көрсетті.
Өткен аптада Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шай LCI телеарнасына берген сұхбатында Қырымды «басында ресейлік болды, сосын Хрущев оны Украинаға сыйлады» деп мәлімдеді. Дипломат сондай-ақ АҚШ посткеңестік республикалардың арасындағы кикілжіңнің тоқтауына мүдделі емес дегенді айтты. Ол сол сияқты бұрынғы КСРО елдері егемендігінің заңды екеніне күмән келтіріп, «халықаралық құқықта әрекет етуші статустары жоқ, себебі, егемен ел ретіндегі мәртебелерін айғақтап беретін халықаралық келісім жоқ» деп сандалып кетті. Бірақ БҰҰ өз қатарына мүше етіп алғаннан кейін бұл елдерге тағы қандай келісім керек екенін және оның кіммен жасалуы керек екенін ашып айта алған жоқ.
Соңыра Monde газеті 80-ге жуық еуропалық парламентарийдің Франция сыртқы істер министрі Катрин Колоннаға хат жолдап, «бұрынғы КСРО елдерінің егемендігін жоққа шығарғаны үшін» Қытайдың Париждегі елшісі Лу Шайға «нон грата персонын» жариялауды сұрағанын хабарлады.