ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды
АСТАНА. 24 сәуір. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бастығы Кәрім Мәсімов сот жүзінде 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана соты баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«К. Мәсімов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі (мемлекеттік сатқындық), 179-бабының 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу), 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы (билігі мен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп табылып, мүліктерін тәркілеу, мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойы тыйым салу жолымен 18 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген дүйсенбі күні таратылған хабарламада.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы басшысының бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов – 16 жылға, Дәулет Ерғожин – 15 жылға, Марат Осипов 3 жылға сотталды.
Сотталғандардың барлығы генерал атақтары мен мемлекеттік марапттарынан айырылды. Олардан мемлекетке 10 млрд-тан астам теңге және 24 млн доллар өндіріліп алынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2022 жылы қаңтарда орын алған жаппай тәртіпсіздік оқиғалары барысында арнайы қызметтің жоғары лауазымды басшылары ұстала бастады. Алдымен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов шұғыл орнынан алынып, оның орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды. Бұдан кейін Мәсімовтің орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин қамалды. Кейінірек Марат Осипов құлып астына жеткізілді.
10 наурызда Мәсімовтің тарапына бір жабық келісімшарт үшін шетел компанияларының бірінен 2 млн доллар көлемінде пара алған деген айып қосылды. Оның заңсыз үйлер мен жер алғаны да іске тігілді.
Бас прокурор Берік Асылов Мәжілісте сөйлеген сөзінде Кәрім Мәсімовті былтырғы қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушыларының бірі деп мәлімдеген болатын.