Жаңаөзен қаласында газ баллоны жарылып, көп қабатты үй құлады
АҚТАУ. 17 сәуір. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында көп қабаттағы пәтерлердің бірінде газ баллоны жарылып, ғимараттың кіреберісі опырылып құлап түсті. Бұл туралы Lada.kz ресурсына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алып қалғандар бар.
«Бүгін, 17 сәуірде таңғы сағат бес шамасында (Астана уақыты бойынша) Жаңаөзен қаласындағы 2-ші шағын ауданда, екі кіреберісті 12 пәтерлік екі қабат үйде, алдын ала мәлімет бойынша, газ баллоны тұтанбай жарылып, соның салдарынан 150 шаршы метрлік аудан құлап түскен». – делінген Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, жарылыс салдарынан 1 адам қаза тауып, 12 адам зардап шеккен, соңғыларының 8-і балалар көрінеді.
«Дәрігерлер екі адамның ахуалы өте ауыр деп отыр. Облыс орталығынан Жаңаөзенге санитарлық авиация көмекке келеді деп күтіліп отыр. Әзірге өз күшімізге иек артып тұрмыз. Басқа өңірлерден дәрігерлер тарту мәселесі жоспарда жоқ». – деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Аманбек Жұмыров.
Қазір қаза тапқан адамның 29 жаста екені белгілі болды.
«Екі адам ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың бірі денесінің 80 пайызын күйік шалған, екіншісі 50 пайызға күйіп қалған. Қалғандардың жағдайлары қанағаттанарлық», – деді Жаңаөзен ауруханасының дәрігерлері.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жарылыс орын алған жердегі үйінділерді жинап алу жөніндегі ведомоствоаралық штабтың жұмысын өзі үйлестіріп отыр.