Қазақстан Түркияға құтқарушылар жасағы мен дәрігерлер жіберді
АЛМАТЫ. 7 ақпан. Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ дәрігерлер күшті зілзаладан кейін тұрғындарға көмек көрсету үшін Түркияға аттанып кетті. Бұл туралы Anadoly хабарлады.
Арнайы топты Төтенше жағдайлар бірінші вице-министр Ибрагим Құлшымбаев бастап алып кетті. Оның құрамында 41 адам бар.
Мұның алдында Алматы әуежайына қалың тұман түскендіктен, құтқарушылар тобы мен дәрігерлердің ұшып шыға алмай жатқанын белгілі болған.
«Біз өзімізбен бірге арнайы жабдықтарды, апатты-құтқару түріндегі автомобильдерді, медициналық құралдарды, пневмо-модульді палаталарды, гидравликалық құтқару аспаптарын алдық. Сондай-ақ бізбен бірге министрліктің арнайы кинологиялық есептегі қызметтік иттері де барады», – деді Ибрагим Құлшымбаев.
Алматыдан ұшып шыққан құтқарушылар командасы түріктің Газиантеп қаласындағы аэропортына қонғаннан кейін стихиялық апат аймағына аттанады.