Қытай, Түркия және БАӘ Ресей банктеріне қарсы санкцияларға қосылды
МӘСКЕУ. 1 ақпан. Ресей өзі «дос» санап жүрген бірқатар елдер, Кремльдің сол сенімін серпіп тастап, РФ банктеріне салынған санкцияларға қосылды. Бұл туралы РБК хабарлады.
Агенттік мәлім еткендей, сейсенбі күні өткен «Коммерсант» конференциясында Росбанк бастығының орынбасары Александар Рахманин осының жайын тарқатып айтып берді.
Банк басшысының сөзіне қарағанда, Қытайдағы, Түркиядағы, Біріккен Араб Әмірлігіндегі «әріптестері» шектеуге түскен ресейлік кредиттік ұйымдармен жұмыс істеуден бас тартқан. Мұндай «бас тартушылар» қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан секілді посткеңестік мемлекеттер де бар.
Ресейліктердің Қытайда РФ банктеріне көмек көрсетуге тілек білдірушілер кезекке тұрады деген үміттері ақталмады: ондағы Bank of China, ICBC, China Construction Bank сияқты мемлекеттік ірі банктер бірден Ресеймен жұмыс істеуден бас тартушылар жағына шығып кетті. Олар РФ-ның санкциялық бұғаттауға түсіп қалған банктерінен төлем қабылдауды кілт тоқтатты.
Ресейліктер үшін енді бұл шектеулерді юаньмен сауда жүргізу арқылы айналып өту де ылғи мүмкін бола бермейді. «Бүкіл (қытай) төлем инфрақұрылымы SWIFT қол астына бағындырылған. Егер Ресей банкі санкция бойынша немесе санкциясыз-ақ SWIFT-тен ажыратылған болса, онда оның трансшекаралық төлем төлеуге қолжетімділігі де тоқтайды», – деп түсіндірді мұны менеджер.
Санкция талаптарын түрік банктері де қатаң сақтайды: олар Ресейдің қара тізімге енген банктеріне лира ақшасымен корреспонденциялық есепшот ашудан бас тартып отыр. «Ресей банк секторының айтарлықтай бөлігі әлдеқандай бір жағдайлармен санкцияларға қатысты болғандықтан, ашығын айтқанда, түрік банктерімен жұмыс жасасу мүмкіндігі тек екінші эшалондағы банктерде ғана қалып тұр», – деді Рахманин.
Ресей компаниялары санкциялық шектеулерден қашып, өз бизнестерін жаппай аударып жатқан БАӘ-де де проблемалар туып жатыр. «Жергілікті реттеуші Ресеймен сауда кезінде, мысалы, АҚШ долларын жергілікті дирхеммен толық көлемде ауыстыруға рұқсат бермейді», – деп атап өтті Рахманин.
Оның айтуынша, мұндай проблемалар қазақтың теңгесіне, өзбектің сумына, қырғыздың сомына, тәжіктің соманиіне қатысты да кездесіп отыр.
Ресейге Украина басып кіргенінен кейінгі салынған санкциялар толқыны елді заңды және жеке тұлғалары қара тізімге енуі жағынан чемпион етіп шығарды, ал ұлттық банк жүйесі кең ауқымды қуғындауға түсті.
Ресейдің 20-дан астам банкі батыстың санкцияларына тап болды, олардың тоғызы – іштерінде «Сбер», ВТБ, БЭБ, «Открытие» және Россельхозбанк бар, – бірден SWIFT жүйесінен ажыратылды.
Ірі мемлекеттік банктерден тек газбен есептесу үшін діңгек болып тұрған «Газпромбанк» қана жақын аралыққа дейін доллармен және еуромен есеп айырысу қолжетімділігін сақтап келді. Дегенмен, қаңтар айынан бастап ол доллар операциясын жүргізуге қажетті америкалық корреспонденциялық есепшоттан ажыратылды.