Зеленский: Мемлекетті сақтап қалу үшін біз тек жеңіске жетуіміз керек
КИЕВ. 23 қаңтар. Президент Володимир Зеленьский мемлекетті сақтап қалу үшін Украинаның Ресейді жеңгеннен өзге жолы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина президенті мұны кеше, жексенбі күні Ұлыбританияның экс-премьері Борис Джонсонмен бірге Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесуі кезінде айтты.
Британия үкіметінің бұрынғы басшысы сенбіде Украинаға арнайы келген еді.
«Біз жеңуге тиістіміз, – деді Украина президенті өзінің сөзінде. – Бізде мемлекетті сақтап қалудың бұдан басқа жолы жоқ тіпті. Бізде Украина азаматы болып қалудың бұдан өзге мүмкіндігі жоқ… Бұл жеңіссіз бізде берік қоғам да болмайды. Егер жеңіске жете алмасақ, біз оңтүстікті, солтүстікті, шығысты, батысты – бәрін бірге шақыра бастаймыз. Себебі, біздің мемлекетіміздің әрбір бөлігі берік мемлекетті сақтап қала алмауымызға кімнің кінәлі екенін іздестіре бастайды. Ал кінәліні іздеген кезіңде оларды қашанда тез тауып аласың. Бірақ оларды тапқан кезіңде… қамалдан түк қалмайды. Көптеген ұсақ мемлекеттер ғана болады. Бұл – Украина үшін трагедия. РФ-ның ұлттық идеясынан туған трагедия, Ресейдің жанындағы ештеңеге шамасы келмейтін әлсіз мемлекет болып қаламыз. Біздің міндетіміз – қазір қолымызда тұрған ұлтымыздың беріктігін сақтап қалу, қайткен күнде де жеңіске жету! Жеңбесек – бәрін жоғалтамыз. Жеңеміз. Украинаның даңқы арта берсін!».
Зеленьский осы кездесуде сондай-ақ егер украиндар беріктіктерін сақтап қала алса, Украинаның Ресейді 2023 жылдың өзінде-ақ жеңіп шыға алатынын алға тартты.
«Мен 2023 жылы-ақ жеңіске жете алатынымызға сенемін. Бәрі біздің қолымызда тұрған жоқ, десе де, бәрі өзімізге байланысты. Бізге өз беріктігімізді жоғалтып алуға болмайды. Оны жоғалтса, соғыс созылып кетеді. Біз бәрібір жеңеміз. Жедел жеңіске жетудің екі басты нәрсесі бар – соның ішінде біздің беріктігіміз бірінші кезекте тұр. Ал біздің сырттан беріктігіміз – әріптестеріміздің көмегі. Соның екеуінде де біз биыл жеңіске жетуге қабілеттіміз», – деді Зеленьский бұдан әрі.
Өз кезегінде Борис Джонсон Украинаның достары «соғысты 2023 жылы аяқтау үшін барынша көмектесетінін» айтты.