Қысқы Универсиадада Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті
ЛЭЙК-ПЛЭСИД. 22 қаңтар. АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиадада Қазақстан студент-спортшылары тағы бір күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қазақстан құрамасы бұл жолы шорт-тректен күміс медальға қол жеткізді. Біздің спортшыларымыз аралас эстафетада 2:47.757 нәтиже көрсетіп, алдарына тек француздарды ғана жіберіп алды. Үшінші орынға жапон студенттері орналасты. Қазақстандықтар сапында Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжғалиева, Әлішер Әбілқатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұханов өнер көрсетті.
Қазақстан құрамасы қоржынында жалпы жеті медаль бар. Соның ішінде биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков, шаңғышы Данил Васильев «алтын» алса, шаңғымен секіруде Данил Васильев пен Сергей Ткаченко, сондай-ақ шорт трекшілер екі «күміске» қол жеткізді. Ал «қоланы» биатлоншы Александр Мухин мен әйелдердің шаңғылар құрамасы еншіледі.
Қазақстан құрамасы қазір 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медальдармен жалпы командалық есепті 10-шы орында келеді.
Қысқы Универсиаданың көшін 21 алтын, 17 күміс және 10 қола медаль жинаған Жапония құрамасы бастап тұр. Екінші орынға Корея (12+8+9), үшінші орынға Франция (5+6+7) табан тіреген. Бұдан әрі 4-орында – Польша, 5-орында – Канада, 6-орында – Чехия, 7-орында – Финляндия, 8-орында – Швейцария, 9-орында – Германия. Сол сияқты АҚШ – 12-ші, Ұлыбритания – 14-ші, Қытай – 16-шы, Эстония – 17-ші, Украина – 18-ші, Литва 20-шы болып келеді. Жалпы, 23 елдің спортшылары ғана медальдар тұғырынан көрінген.
XXXI Бүкіләлемдік қысқы Универсиада биылғы жылғы 12 қаңтарда басталған еді. Ол бүгін өзінің мәресіне жетіп, салтанатты түрде жабылады.
Универсиадаға әлемнің 43 елінен 1 443 студент спортшы қатысып, спорттың 12 түрі бойынша 85 медальды сарапқа салды.