Кремль Мәскеуді украин дрондарынан қорғауға әзірлеуге кірісті
МӘСКЕУ. 21 қаңтар. РФ басшылығы қарулы күштерді Мәскеуді украин дрондарының шабуылдарынан қорғауға дайындауды тапсырды. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
«Ресей билігі бұдан бұрын ұрыс қимылдары аймағынан жүздеген шақырым жерде жатқан Ресей территорияларына шабуыл жасаған украин дрондарының келесі кезекте Мәскеуге бағытталуы ықтимал шабуылдарынан қорғауға дайындап жатыр», – делінген хабарламада.
Мұның алдында украин әскерлерінің шабуылдарынан қорыққан РФ билігі Мәскеуге әуе қорғанысы жүйесін орнату жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл бұған дейін украиндардың Саратов және Калуга облыстарындағы аэродромдарды бірнеше рет соққының астына алуы себеп болған еді. Атап айтқанда, қазан айының басында Калуга түбіндегі аэродромға шабуыл жасалса, 5, 26 және 29 желтоқсанда Энгельстегі база сондай соққылардың астында қалды. Екеуі де Мәскеуден шамамен 500 шақырым жерге орналасқан.
Қазір Мәскеуде қосымша Әуе шабуылынан қорғаныс (ПВО) жүйесін орнату жұмысы қызу жүріп жатыр. Осының алдында «Панцирь» деп аталатын мұндай қондырғының қорғаныс министрлігінің Фрунзе жағалауындағы штаб-пәтерінің шатырында, сондай-ақ қаланың ортасындағы Тетеря тұйығындағы үйлердің бірінде пайда болғаны анықталған. Жұма күні осындай қондырғылар Остафьеводағы әскери аэродромға жақын жерден, «Газпром-авиа» бизнес-әуежайынан, сондай-ақ Владимир Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясы маңынан байқалған-ды.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кеше, жұма күні журналистермен кездесуі кезінде Мәскеуге ПВО жүйесінің орналасуы хақында түсіндірме беруден бас тартты.