АҚШ Украина армиясының Қырымға шабуылы жоспарын жасап жатыр
ВАШИНГТОН. 20 қаңтар. Пентагон Украина Қарулы күштерінің Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіне жаңа қарсы шабуылын ұйымдастыруына көмектескелі отыр. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Америка және украин командованиясының Германиядағы кездесуі барысында бұдан арғы ұрыс қимылдары талқыланды. Мұнда сондай-ақ осы аптада болашақтағы шабуыл операциялары жөніндегі командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді.
Сонда, Рамштайнда батыс елдерінің лидерлері өзара кездесіп, Киевке жаңа, кең ауқымды әскери көмек көрсету мәселесін талқылады. Ал бұл жәрдемнің аясына Американың Днепр өзені жағалауынан Қырымның солтүстігі мен орталығығына дейін екпіні жететін 160 шақырымдық қашықтықты GLSDB ракета жүйесі де кіреді.
Көп айға созылған күдік пен талас-тартыстан кейін Джо Байден әкімшілігі ақырында Киевке Қырымға қарымды соққы жасау үшін қуатты қару-жарақ керек екенін мойындай бастады, деп атап өтті NYT. Оның мәнбесінің айтуына қарағанда, ондаған мың ресейлік солдаттар орналастырылған түбек қазір армия үшін маңызды логистикалық орталық та болып отыр. Ресей әскерлері онсыз Украинаның оңтүстігіндегі кең аумақты басып ала алмаған болар еді.
АҚШ бұрынғысынша Киевке радиусы 300 шақырымға дейін баратын алыс соққылы HIMARS-ты беруге дайын болмай отырғанына қарамастан, Байден әкімшілігі Украина Қарулы күштерінің Қырым мен басқа да аймақтарға шабуыл жасауларына тікелей қолдау мен қару-жарақ беруге ниетті. Әскерилердің Германиядағы кездесуі тікелей шабуыл жоспарынан бөлек, сондай-ақ болашақтағы операциялар үшін қару-жарақтар таңдап алуды да талқылады.
Жаңа әскери көмек пакетіне ракетамен және зеңбіректермен қаруланған Bradley БМП-сы да бар. Ол Ресей танкілерін жоқ қылып жібере алады.
Украина билігі қазір өз елдері Ресейдің жылдар бойы украин қалаларын атқылап, инфрақұрылымдарын талқандап тастап отыруын көтере алмайды деп қауіптенеді. Сондықтан олар бұдан шығудың Қырымды нысанаға ала отырып, қуатты қарсы соққы бергеннен басқа қолайлы жолын көре алмай отыр.